Фото: Ашық дереккөз
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сауалына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов 17 желтоқсанда Астана қаласында аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Тергеу нысаны – 2025 жылғы 29 қарашада КТК терминалына ұшқышсыз құрылғылар арқылы жасалған шабуылын ашық қолдаған пайдаланушылардың желідегі жазбалары.
Депутат өз сауалында ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға соққы беруді мақұлдау – ұлттық мүддеге тікелей зиян келтіру екенін атап өткен болатын. Ол мұндай мәлімдемелерді «терроризмді насихаттау» немесе «мемлекетке опасыздық жасау» баптарымен бағалауды ұсынды.
«Тергеу барысында бұл тұлғалардың жеке басын анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинау шаралары қабылдануда. Жұмыс нәтижесі бойынша күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті сараптама беріліп, процестік шешім қабылданады», деді Бас прокурор.
Сондай-ақ қадағалау органы жалған ақпарат тарату және құқыққа қайшы контент жариялау үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Депутат КТК-ға жасалған шабуылды ақтағандарды жазалауды сұрады
Еске сала кетейік, 29 қарашада Новороссийск порты ауданында КТК-ның теңіз инфрақұрылымына ұшқышсыз құрылғылар шабуыл жасап, нәтижесінде ВПУ-2 тиеу құрылғысы айтарлықтай зақымдалған болатын.