Қоғам • 06 Қаңтар, 2026

Қазақстанда төлқұжат онлайн форматта берілуі мүмкін

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде жеке құжаттарды алу мен ауыстыру үдерісін толық цифрландыру жұмыс тәртібіне толық кірді. Үкіметтегі брифингте цифрлық даму саласына жауапты вице-министр Ростислав Коняшкин төлқұжаттарды онлайн форматта беру мүмкіндігі пысықталып жатқанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда төлқұжат онлайн форматта берілуі мүмкін

Фото: ашық дереккөз

Министрлік өкілінің айтуынша, 2025 жылдан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәліктің мерзімі аяқталған жағдайда оны eGov.kz порталы арқылы онлайн ауыстыра алады. Қазір бұл қызмет тек бір бағытта іске қосылған.

«Алдағы уақытта онлайн қызмет түрлерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни жеке куәлікті жоғалту, жаңадан рәсімдеу секілді өзге де жағдайлар қамтылады. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, төлқұжаттарды да онлайн форматта беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», деді вице-министр.

Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігін алу қызметін де толықтай онлайн форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Министрлік жаңа сервистерді кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Мақсат – қызметтердің халыққа қаншалықты қолайлы екенін саралап, цифрлық шешімдердің тиімділігін арттыру.

Соңғы жаңалықтар