Қоғам • 06 Қаңтар, 2026

Ұрланған жылқылар GPS арқылы тез табылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы полиция бөліміне жайылымнан жылқылар жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер ұрланған 11 бас жылқыны GPS арқылы ізін суытпай тапқан, деп жазады Egemen.kz.

Ұрланған жылқылар GPS арқылы тез табылды

Фото: Polisia.kz

Мал иесі жылқыларға алдын ала орнатылған GPS бақылау құрылғысы арқылы олардың белгісіз бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын байқап, дереу 102 нөміріне хабар берген.

Полицейлер түнгі қар аралас жаңбырға қарамастан, GPS деректері негізінде күдіктілердің бағытын анықтап, із кескен. Нәтижесінде көршілес ауыл аумағынан 11 бас жылқы толық табылып, заңды иесіне қайтарылды.

Жуалы ауданының бір тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала сөз байласуы арқылы топ болып, ірі мөлшерде бөтеннің малын жасырын жымқыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.

Соңғы жаңалықтар