Ресейлік нумизматик Г.А.Федоров-Давыдов келтірген дерекке жүгінсек («Клад серебряных джучидских монет с Селитренного городища // Нумизматика и эпиграфика. Т. ХІІІ, М., 1980) бұл теңге хижраның 758 жылы (1357 жыл) Гүлстан шаһарында соғылған екен. Салмағы – 1,56 гр, көлемі – 15х16 мм, материалы – күміс, жәдігер қазір нумизматик Р.С.Сағдееваның № 272 нөмірлі каталогінде 308231 тауарлық кодымен сақтаулы тұр.
Теңгенің өң бетінде «Әділетті Сұлтан – Бердібек хан» деген жазумен қатар арнайы сызықтың үстіне шағын төрт дөңгелек таңба шекітілсе, тиынның келесі бетіне әртүрлі бейнелі мүсін-таңбалар бәдізделумен қатар, жылы жазылған.