Қызыл кітапқа енетін сұңқылдақ аққуды ауыл тұрғындарының бірі байқап қалған.
– Павлодар ауданы Маралды ауылында тұрамыз. 3 қаңтар күні кешкілік ата-анамызға бара жатып, дәл ауыл шетінде қарда отырған аққуды көрдік. Құстың әбден тоңып, ашығып қалғаны байқалды, ұшып кетуге шамасы жоқ.
Жақындап келгенде бізден қорқып, қанатын сабалап қашып кетті. Ауылдағы адамдарға айтып едік, тұрғындардың жартысы бізге келіп көмектесті, бәріміз жүгіріп әрең дегенде ұстап алдық, – дейді ауыл тұрғыны Михаил Кривобоков.
Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов құтқарылған құс аққудың сұңқылдақ түріне жататынын хабарлады. Сұңқылдақ аққу Қазақстанда және Ресейде Қызыл кітапқа енген.
– Жалғыз аққуды біздің орманшыларымыз ауылға барып қабылдап алды. Оны Павлодарское ауылындағы белсенді демалыс орталығына әкеліп орналастырдық. Мұнда хайуанаттарды уақытша ұстау орны бар. Бұған дейін биыл жылы жаққа ұша алмай қалған 4 аққу осы орталыққа орналастырылған. Енді олардың қатарына бесіншісі қосылып отыр. Аққулардың барлығы көктемге дейін күтіліп, ұшырылады, – дейді ол.