Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Нақты мысалдар
Әсіресе, орталықта тұратындар көліктен мүлде бас тарта алады. Алматының климаты мүмкіндік беретіндіктен, күндіз орталықтағы жұмысты қоғамдық көлікпен немесе жаяу бітіруге болады. Алғашқы болып жауапкершілік пен экосананы ауқатты азаматтар мен бизнес өкілдері көрсетуге тиіс.
«Лондонда жеке көлік қымбат әрі ыңғайсыз, Дубайда жүк көліктері тек түнде жүруге рұқсат алады, ал Бейжіңде қатаң шаралардың арқасында ластану деңгейі 55%-ға төмендеді. Бұл қалалардың барлығында сапалы қоғамдық көлік жүйесі құрылды», деп нақты мысалдар келтірді Е. Мұхамеджанов.
Газға көшу
Ал «Ренессанс плюс» компаниясының директоры Әсет Тазабековтің айтуынша, Алматы көшелерінде күн сайын 1 миллионнан астам автокөлік жүреді, олардың бір бөлігі экологиялық талаптарға сай келмейді. Ластанудың едәуір үлесін жылу электр орталықтары, соның ішінде жылына шамамен 39 мың тонна шығарынды бөлетін 1-ЖЭО бар.
«Егер газға көшсек, шығарындыларды жиырма есеге дейін азайтуға болады», деді ол.
Балалар үшін өте қауіпті
Сондай-ақ, Қазақстанның экологиялық аудиторлар палатасы оқу орталығының директоры Райдин Қасымовтың айтуынша, шыққанына 12 жылдан асқан автокөліктерде уыттылық деңгейі 84%-ға дейін артады, ал бір ғана ақаулы көлік ластаушы заттың түріне қарай 6-14 есе көп зиянды қалдық шығарады.
«Алматыда мұндай көліктердің саны 80 мыңға дейін жетуі мүмкін, ал олардың қоршаған ортаға әсері 500 мыңнан 1 миллионға дейін жарамды көліктің үлесіне тең болуы мүмкін», деді Р.Қасымов.
Шығарылатын заттардың қатарында көміртек тотығы, көмірсутектер, PM2.5 және PM10 бөлшектері, азот оксидтері бар. Бұл заттар әсіресе, балалар үшін өте қауіпті.
«Автопаркті жаңарту мен электр көліктерін дамыту – басым бағытқа айналуға тиіс», деді сарапшы.
Қаланың болашағы туралы ойлану
Көлік және экология саласының сарапшысы Елена Ерзаковичтің айтуынша, Алматыда төмен шығарындылар аймақтарын енгізу тұрғындардың көлікпен жүру дағдысын өзгертуге көмектеседі.
«Бұл жай ғана шектеу емес, қаланың болашағы туралы ойлануға берілген мүмкіндік», дейді маман.
Ол үш негізгі қадамды бөліп көрсетті – қала ішінде қозғалысты азайту (пандемия кезіндегідей), электромобильдер мен қоғамдық көлікті дамыту, көліктің қоршаған ортаны азырақ ластайтын технологияларды жетілдіру.
«Кешенді тәсіл – ұзақ жол, бірақ ол қажет», дейді Е.Ерзакович.