Фото: ашық дереккөз
Мәселен, айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге жетсе, күнкөріс минимумы 50 851 теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге дейін өседі.
Балалы отбасыларға берілетін біржолғы жәрдемақы да ұлғайды. Бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде төленетін төлем 164 350 теңгені құрайды. Ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін берілетін жәрдемақы 272 475 теңгеге дейін артты.
Көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы төлемдер де көбейтілді. Төрт баласы бар отбасылар 69 330 теңге алса, он баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы 173 000 теңгеге жетеді.
Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі де қайта қаралды. Бірінші топтағы мүгедектік бойынша жәрдемақы 111 872 теңгеге, екінші топта 89 498 теңгеге, үшінші топта 61 021 теңгеге дейін өсті.
Салық салу жүйесінде де елеулі өзгерістер бар. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі. Сонымен бірге ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шағын кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Бірқатар тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Олардың қатарында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясындағы қызметтер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметтер, сондай-ақ отандық кітаптар мен оларды басып шығару қызметтері бар.
Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда салалар бойынша сараланған тәсіл енгізіледі. Банктер мен ойын бизнесі үшін мөлшерлеме 25 пайызға дейін көтеріледі. Әлеуметтік сала ұйымдары 2026 жылы 5 пайыз төлейді, ал 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 10 пайызға өседі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдетілген 3 пайыздық мөлшерлеме қарастырылған.
Автокөлік иелеріне де белгілі бір жеңілдіктер бар. Жеңіл автомобильдерге салық салуда көліктің жасына қарай төмендететін коэффициенттер қолданылады. Он жылдан жиырма жылға дейінгі көліктерге 0,7 коэффициенті, ал жиырма жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті белгіленген.
Сонымен қатар ардагерлер, мемлекеттік наградалары мен атақтары бар азаматтар, көпбалалы аналар және мүгедектігі бар тұлғалар көлік салығынан босатылады. Алайда бұл жеңілдік қозғалтқыш көлемі 4 000 текше сантиметрден асатын және меншік құқығы 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін рәсімделген көліктерге қолданылмайды.
Жаңа өзгерістер әлеуметтік қолдауды күшейтіп, салық жүйесін теңгерімді етуге бағытталған.
Ілгеріректе Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты жаңа режимге көшу тәртібі мен өтпелі кезең мерзімі туралы жазған болатынбыз.