Президент • 05 Қаңтар, 2026

Қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды: Президент мемлекеттің қолдауын дұрыс түсінбейтін кәсіпкерлерді сынға алды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында «Turkistan» газетінің бас редакторы Президенттен еліміздегі ірі бизнес өкілдерінің әрекеттері мен олардың қайырымдылықпен айналысуына қатысты сұрақ қойды, деп жазады Egemen.kz.

Қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды: Президент мемлекеттің қолдауын дұрыс түсінбейтін кәсіпкерлерді сынға алды

Фото: rsv.ru

«Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.

Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтынын да атап өтті. 

«Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.    

Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады. Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің қоғамның игілігіне қызмет етуі билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін де ескертті. 

«Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр. 

Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді», деді Президент.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейтінін, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайтынын сынға алды. 

«Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым. Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады. 

Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай. 

Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Онда ол көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесулері бейресми сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары тарих­ты талқылау сәнге айналғанын сөз етті. Түрлі под­каст­тар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға байланысты сот процестері мен тергеу жұмыстары жөнінде пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қатысты негізгі деректер әлдеқашан белгілі болғанын айтып, кейбір сот істері мен ұрланған қаруды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар