Президент • Кеше

Президент: Сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуы өркениетті елге жат үрдіс

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында Бауыржан Бабажанұлы Президентке сарбаздардың өлімі­не қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуы өркениетті елге жат үрдіс

Фото: yandex.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс.

«Мен әскери борышын өтеуге ша­қырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өр­кениетті елге жат, теріс үрдіс деп са­най­мын. Бейбіт заманда мұндай жайт­тар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуыр­да өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылы­ғын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жас­тарға қолдау көрсетіп, оларды елі­міз­дің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ, он­дай жайттарға жол берілмейді. Мұ­ның бәрін өзім жеке қадағалап отыра­мын. 
Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл ша­ра­лар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Де­генмен, қайғылы оқиғалар әскери бө­лімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн. Тексеру жұмыстары, жалпы, әскер­дегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсет­ті», деді Мемлекет басшысы.

Президент армияда темірдей тәртіп болуға тиіс екенін айтты.

«Танымалдыққа ұмтылған кейбір бло­герлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дер­лік қылмыскерлердің құрбанына ай­налып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді.   
Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді да­мыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайт­қан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады. 
Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшарт­пен жұмыс істейтін әскери қызмет­ші­лер мен офицерлер әлеуметтік жағы­нан барынша қорғалған. 
Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табандылықпен кө­теремін» деген сөзден әскери өмірдің қа­таңдығын айқын аңғаруға болады», деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы мамандан­дырыл­ған әскери мектепке Бауыржан Мо­мышұлының есімін беру туралы ше­шім қабылдағаны туралы тілге тиек етті.

«Әскери қызметтің абырой-беделін кө­теру және еліміздің қорғаныс қабіле­тін арттыру – мемлекеттің басты басым­ды­ғының бірі. Қарулы Күштерімізді тех­нологиялық тұрғыдан жаңғырту жұ­мысы қарқынды жүргізіле бастады. Был­тыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жо­ғары бағалады, бұл іс-шара армия­мыз­дың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдық­тал­ғанын, сондай-ақ, әскери қызметші­лері­міздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.  
Жуырда Тараздағы мамандан­дырыл­ған әскери мектепке бардым. Онда әлеу­­меттік жағынан осал топтағы отба­сы­лар­дан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақ­сы бастама. Мен осы мектепке аты аңыз­ға айналған батырымыз Бауыржан Мо­мышұлының есімін беру туралы ше­шім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тап­сырма бердім. Бұл білім мекемелерін­де бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардар­лар мен генералдар тәрбиеленіп шыға­ты­нына сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Онда ол көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесулері бейресми сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары тарих­ты талқылау сәнге айналғанын сөз етті. Түрлі под­каст­тар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға байланысты сот процестері мен тергеу жұмыстары жөнінде пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қатысты негізгі деректер әлдеқашан белгілі болғанын айтып, кейбір сот істері мен ұрланған қаруды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар