Фото: ашық дереккөз
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады», деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы білім беру мен медицина саласындағы «жан басына сәйкес қаржыландыру» жүйесі түбегейлі қайта қарауды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, бұрмаланған тәртіп бюджетке салмақ түсіріп, бей-берекет жағдай қалыптастырған.
«Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлеуметтік жеңілдіктерді теріс пайдалану, жалған мәртебе арқылы көмек алу фактілеріне де қатаң тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселе әлеуметтік әділдікке тікелей қауіп төндіреді.
«Заңсыз әрекеттер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құқық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым. Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейді», деді Мемлекет басшысы.
Сұхбатта қандастар мәселесі де қозғалды. Президент тарихи Отанына оралған ағайынның ел өміріне дұрыс кірігуі үшін жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта орталық және жергілікті билік пен құқық қорғау органдары бірлесе әрекет етуге тиіс.