Президент • 05 Қаңтар, 2026

Тоқаев: Тау шаңғысы туризмін дамыту үшін тың тәсілдер қажет

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Президентке сұхбат барысында қойылған сұрақтардың бірі – туризм саласы туралы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев: Тау шаңғысы туризмін дамыту үшін тың тәсілдер қажет

Фото: Akorda.kz

Былтыр әлемдік дең­гейдегі кейбір ақпарат құрал­дары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосты. Алайда, еліміздегі курорттар мен та­нымал туристік орындардың жап­пай қонақ күтуге дайындығы күмән тудыратыны жасырын емес.

Президенттің айтуынша, күмәнннің туындауы заңдылық. 

«Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіп­сіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұ­мысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм са­­ласында жалқаулық пен немқұрай­лы­лық­қа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.   
Былтыр Қазақстанға миллиондаған ше­тел азаматы келді. Ішкі туризм қар­қын­ды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақ­сы үрдіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, қазір экотуоризмге сұраныс жоғары.

«Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жа­сап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұра­ныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қа­зақ­­­­станға тең келетін ел жоқ секілді кө­рі­­неді. Алайда, белгілі бір себептерге бай­ланысты, соның ішінде жауапты тұл­ғалардың біліксіздігі мен немқұрай­лы­ғының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қа­лып отыр. Әзірге таныстыру, яғни пре­зентация жұмыстарынан әрі аса ал­май жатырмыз.  
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жо­ба­ға қарсы науқан ұйымдастыратын кей­бір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арт­тыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көз­дейді. Туризм бизнесінде әбден әккі бол­ған, бәсекелестердің шыққанын қа­ла­майтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады», деді Президент.

Мемлекет басшысы туристік инфрақұрылымды әртарап­тандыру мәселесіне назар аудару қажет екенін айтты. 

«Тау шаңғысы туризміне қатысты жағ­­дай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алма­ты қаласының орталығынан не­бәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, то­зып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қол­дауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шара­лары­нан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқын­ды салынып жатыр.  
Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ауқатты адамдарға да, ор­­­та­ша табысы бар азаматтарға да бір­дей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан, он­да­ғы туристік инфрақұрылымды әртарап­тандыру мәселесіне назар аудару қажет», деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сондықтан, Түр­­кістанда Халықаралық туризм және мей­мандостық университеті ашылды.

«2024 жылы оқу ордасының алғашқы тү­лектері дипломдарын алып, еңбек на­рығына қосылды. Алайда, бұл – жет­кіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қо­сым­ша шаралар қабылданады. 
Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсе­мізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлем­­­дік деңгейдегі таблоидтар саяхат­шыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуі­міз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алма­ты­ны Орталық Азиядағы «сәні мен сал­танаты жарасқан жаңа астана» деп ата­ды. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәс­кеу, Париж сияқты «ешқашан көз іл­мей­тін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қа­лада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек», деді Президент. 

Соңғы жаңалықтар