Фото: Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы көлік апаты бүгінде Қазақстан үшін ғана емес, көптеген елдер үшін өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты себептердің бірі – автокөлік санының күрт өсуі.
«Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі», деді Президент.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алу және оны анықтау жұмыстарын күшейткен. Инфрақұрылым жетілдіріліп, бақылау шаралары нығайтылған. Айыппұл мөлшерін арттыру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жолдағы ахуал жақсарып келеді. Дегенмен Президент қоғамның жол ережесін сақтауға немқұрайлы қарауы барлық бастаманың тиімділігін төмендететінін ескертті. Оның айтуынша, ауыр апаттардың басым бөлігі жүргізушілердің қарапайым, бірақ маңызды талаптарды сақтамауынан болады.
«Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс.
Бұған қоса, осы салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз көліктер тоқтаусыз жүретін көшелер саламыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әсіресе автобустардың жол апатына жиі ұшырап жатқанын айтып, бұл мәселеге ерекше назар аудару керектігін айтты.
Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Онда ол көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесулері бейресми сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары тарихты талқылау сәнге айналғанын сөз етті. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді.