Президент • Кеше

Қатаң бюджеттік тәртіп керек: Президент инфляцияны құрықтау шаралары туралы айтты

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында Президентке «Экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызмет­тер­дің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкі­мет­ке осы мәселені шешуге арнал­ған нақты шаралар жоспарын әзір­леуді тапсырдыңыз. Бұл жұмыс ре­фор­маның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Азаматтарымыз әл-ау­қатымызды жақсартады деп күтіп жүр­ген реформаның нәтижесін жоқ­қа шығармай ма?» деген сұрақ қойылған еді, деп жазады Egemen.kz.

Қатаң бюджеттік тәртіп керек: Президент инфляцияны құрықтау шаралары туралы айтты

Фото: Pixabay.

Сауалға жауап берген Мемлекет басшысы қалайда реформаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

«Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ре­фор­малар қолға алынған кезде жұрт­шы­лық оны көп жағдайда түсінбей, қа­былдамай жатады. Ондай кезде бар­лық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мем­лекет басшысы ретінде осындай жауап­кер­шілікті өз мойныма аламын. Бола­шақ­та да бұған дайынмын. Менімен бір­ге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұ­ны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта ре­форматорлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жа­тады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін ре­фор­ма­­ларды қалайда жүзеге асыруымыз керек», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаржы ре­сурстары мемлекетке қажетті жоба­лар­ға ғана жұмсалуға тиіс.

«Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкім­шілік тәсілдер арқылы уақытша тоқ­татылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюд­жет қаржысын барынша тиімді пай­далану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қа­таң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ре­сурстары мемлекетке қажетті жоба­лар­ға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қара­ша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі бірлесіп, үш жылдық бағдар­ла­ма қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны тө­мендетуге арналған», деді Мемлекет басшысы. 

Президент экономикалық теңсіздіктер әлі де сақталып отырғанын айтты.

«Халықаралық сарапшылар Қазақ­стан­ның «орташа табыстар қақпанына» тү­сіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашы­ғын айтайын, бұл – экономика тура­лы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азама­ты­мыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды не­месе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тір­лікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауы­рып қалу немесе жұмыстан айырылу се­кілді кез келген көлденең кедергі тұр­мыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүм­кін. 
Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейне­т­ақы жинағын пайдалануға рұқсат беру  туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, сто­матология қызметін көрсетеміз де­ген желеумен зейнетақы қорынан 200 ми­л­лиард теңгеден астам қаржы жым­қыр­ған алаяқтар да табылды. Құқық қор­ғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қыз­мет түріне зейнетақы жинағын пай­да­лануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, бас­қа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіп­ті, пластикалық отаға төлем жасай­тын­дар бар.  
Ал, бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салық­та­рын адал төлейді. Алайда, несие өсімі­нің жоғары болуы, айналымдағы қара­жаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, за­манауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр. 
Экономиканың құрылымы өзгеріп жа­тыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қар­қы­ны баяу. Халықаралық қаржы инс­ти­тут­тары мен рейтинг агенттіктерінің ба­ғалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөз­дің жаны бар. Соған қарамастан, эко­номикамызда теңсіздіктер әлі де сақ­та­лып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағ­дайды білеміз, оны жұрттан жа­сыра­тын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көп­теген мемлекет басынан өткеріп жа­тыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін мін­дет­ті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар», деді Мемлекет басшысы.          

Соңғы жаңалықтар