Президент • Кеше

«Неғұрлым көп тұтынған соғұрлым көп төлейді»:Тоқаев әділетті тарифтер туралы айтты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында энергетикалық және тұрғын-үй коммуналдық сектордағы реформаның мәні мен мақсатын ашып айтты. Мемлекет басшысы бұл өзгерістер Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды әрі ең күрделі реформалардың бірі екенін жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

«Неғұрлым көп тұтынған соғұрлым көп төлейді»:Тоқаев әділетті тарифтер туралы айтты

Үкімет былтырдан бері энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғыртуға кіріскен. Бұл жұмыс әбден тозған инфрақұрылымды ретке келтірумен ғана шектелмейді.

«Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр», деді Президент.

Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері де бар екенін жеткізді. Қауіпті жағдайда тұрған жылу электр станцияларының саны айтарлықтай азайған.

Сонымен бірге Президент инфрақұрылымды жөндеумен шектелу жеткіліксіз екенін, саладағы жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, басты міндет – инвестиция тартуға жол ашып, нақты нарықтық тетіктерді қалыптастыру.

«Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы ондаған жыл бойы бұл саладағы жүйелі мәселелерге тиісті деңгейде көңіл бөлінбегенін де жасырмады. Соның салдарынан коммуналдық шаруашылық бюджетке үздіксіз салмақ салатын ауыр жүйеге айналған.

Президент сұхбатта тариф саясатына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, электр энергиясы мен жанар-жағармайдың жасанды түрде арзан болуы қарапайым халыққа емес, ірі кәсіпорындар мен делдалдарға тиімді болған.

«Тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін атаулы қолдауға көшу қажет екенін атап өтті. Яғни, мемлекет көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға ғана көрсетуге тиіс.

«Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл бағытта алғашқы оң өзгерістер байқалып отыр. Су мен электр қуатын үнемдеп пайдаланатын тұрғындар үшін ең төмен тариф қолданылуда. Мұндай тәсіл ресурстарды әділ бөліп, заманауи инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар