Апат 2 қаңтар күні таңертең «Гелиос» жанармай құю бекеті маңындағы теміржол өткелінде болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Chevrolet маркалы автокөлікті басқарған әйел жақындап келе жатқан тепловозды байқамай, теміржол құрамымен соқтығысқан. Соққы дәл сол сәтте пойыз өтіп жатқан өткелде орын алған.
Оқиғаның мән-жайы нақтылануда. Апат орнында полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінде жеңіл автокөлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, жол жүрісі қағидаларын бұзу, адамның денсаулығына зиян келтіру және мүлікке залал келтіру бойынша қозғалған.
Құқық қорғау органдары теміржол өткелдерінен өту кезінде барынша мұқият болу қажеттігін еске салды.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, зардап шеккен әйелдің білегі сынған. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланады, өміріне қауіп жоқ.