Оның айтуынша, еліміздің ірі әуе тораптарында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады. Сонымен қатар Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылып, Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Сонымен қатар өңірлік жобалар да қатар іске асырылмақ. Олардың қатарында Атырау әуежайында жаңа терминал салу, Павлодар аэродромын реконструкциялау, курорттық аймақтардағы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі әуежайларының құрылысын аяқтау, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру бар.
Салтанат Томпиева 2026 жылдың соңына дейін қазақстандық әуе компаниялары 9 жаңа ұшақ сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл әуе кемелері паркінің жалпы санын шамамен 118 бірлікке дейін жеткізіп, әуе тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Аймақтардың көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту мақсатында 23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы да жалғасын табады.
Бұдан бөлек, 2026 жылы халықаралық әуе қатынасын дамыту жұмыстары да күшейтіледі. Жаңа халықаралық бағыттарды ашу және бұрын тоқтатылған рейстерді қайта жандандыру, сондай-ақ қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру көзделіп отыр. Маршруттық желіні Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа және Азия мемлекеттеріне кеңейту жоспарланған. Атап айтқанда, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Урумчи, Кашгар, Варшава және өзге де бағыттар бар.
Жоспарланған жобалар Қазақстанның халықаралық авиациялық байланыстарын кеңейтіп, елдің өңірлік және транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.