Фото: dimashnews.com
«Stranger» атауының бірнеше мағынасы
Ағылшын тілінен аударғанда «Stranger» атауы бірнеше мағынаны білдіреді, әрі олардың барлығы үш құрлықты қамтып, 13 елде көрсетілген бұл ауқымды шоуға мазмұндық тұрғыдан толық сәйкес келеді.
Турға атау болған ән мәтініне сүйенсек, «Жаһанкез» атауы ең дәл әрі мағыналық тұрғыдан орнықты нұсқа екені анық.
Сонымен қатар, шетелдік көптеген бұқаралық ақпарат құралдары бұл атауды «Бейтаныс» деп түсіндіріп жүр. Себебі тур аясында Димаш бірқатар елдерге алғаш рет барды.
Димаштың өз сөздерін еске алсақ, алыс теңіздер мен мұхиттардың ар жағындағы бұл сапарлардың негізгі мақсаты – туған елінің мәдениетін мүмкіндігінше кең аудиторияға таныстыру екені айқындалады.
Концерттерді ұйымдастыру жұмыстары
Шетелдік концерттерді ұйымдастыру жұмыстары концерт өтетін уақыттан 7–9 ай бұрын басталады. Бұл ретте қабылдаушы елдің заңнамалық талаптары мен менталитеттік ерекшеліктері ескеріледі. Гастрольдік құрам Қазақстаннан, Испаниядан, Ресейден, Кубадан, Германиядан және Қытайдан аттанатын музыканттардан, концерт әкімшілерінен, техникалық персоналдан тұрады. Бұлар – өз ісінің кәсіби, тәжірибеден өткен мамандары. Ал концерт өтетін елдің өзінде промоутерлер мен концерт алаңы қызметкерлері қосылып, шамамен 200 адамнан құралған біртұтас команда қалыптасады.
Концерттен кейін жазылған пікірлердің бірінде: «Димаштың мұны қалай жүзеге асыратыны түсініксіз, бірақ әрбір жаңа концерті – жаңа бір өмір секілді» делінген. Шынында да, шоудағы белгілі бір сәтті атап өтсеңіз, жанкүйерлері оның қай қалада, қай концертте болғанын бірден айта алады.

Концерттерінде көптеген танымал қонақтар болған
Үш жыл ішінде Димаштың концерттерінде көптеген танымал қонақтар болды. Қабылдаушы елдің құрметті қонақтары ретінде Халук Левент, Сити Нурхализа, Бурак Йетер өнер көрсетті. Нейтан Вангпен бірге Димаш алғаш рет сахнада Джеки Чанның «Авангард» фильмінің саундтрегі – «Happy» әнін ұсынды. Ренат Гайсинмен бірге «Қайран елім» композициясы арқылы көрерменді күрделі тарихи естеліктер әлеміне жетеледі. Ал Madison Square Garden сахнасында Уолтер Афанасьев «Love’s not over yet» әнін орындап, әртіске сүйемел жасады.
Димаштың авторлық әндері де шырқалды
Көптеген концерттерде көрермендер Димаштың авторлық әндерінің премьерасына куә болды: Алматыда – «The Story of One Sky» және «El Amor En Ti», Гонконгта – «When I’ve Got You» мен «Smoke», Астанада – «Fire», Нью-Йоркте – «Самғау» және «Living For The Game» туындылары шырқалды.
Сондай-ақ, әртіс кейбір қалаларда жергілікті тыңдармандарды қабылдаушы елдің тіліндегі әндермен қуантты: Ереванда – «Сарери овин мернем», Ыстамбұлда – «Gesi Bağlari», Барселона мен Мехикода – «Besame mucho».

Ол жүректерді ашады
Әртісті түрлі қалаларда бірге аралаған жанкүйерлері Димаш есімінің өздеріне сапар барысында да көмектескенін айтады: такси жүргізушілері әншінің атын ести сала қаласы туралы қуана әңгімелессе, қонақүй иелері қиын сәтте қолдау көрсете білген.
Сондай әсерлі әңгімелердің бірінде Прагада қонақүйсіз қалу қаупі туған сәтте Димаштың есімі көмекке келгені туралы анасы мен қызының диалогы келтіріледі: «Мықты екен сіздің Димашыңыз, – деді қызым, – барлық есікті ашады».«Ол есіктерді емес, адамдарды, олардың жүректерін ашады, – дедім мен, – ал адамдардың жүрегін ашу – әлдеқайда қиын нәрсе».

Жанкүйерлер мен әртіс арасындағы тағдырлар мен оқиғалардан өрілген мұндай берік байланыс, сөзсіз, мынадай сұраққа берілген жауаппен айқындалады. «Сіз жанкүйерлерге қаншалықты тәуелдісіз?» деген сауалға әлемге әйгілі әнші былай деген екен.
«Қарапайым тілмен айтқанда – максималды түрде. Кез келген әртіс үшін, соның ішінде мен үшін де, көрерменсіз бұл кәсіптің мәні жоқ екенін түсінемін. Мен неоклассика жанрындағы бағытымды сақтай отырып, әртүрлі стильде, түрлі бағытта ән айтамын. Музыкамның жаппай қалай қабылданатынына аса қатты тәуелді болуға тырыспаймын, себебі ол белгілі бір деңгейде өзіндік ерекшелігі бар музыка. Барша көрерменге мені барлық істе қолдап жүргендері үшін алғыс айтамын. Мені сіздермен қауыштырғаны үшін Аллаға мың шүкіршілік айтамын», дейді Димаш Құдайберген.
2025 жылы Димаш Қытай, Қырғызстан, Вьетнам сияқты елдерде концерт беріп, Алматы мен Ақтауда жерлестерімен кездесті. Сондай-ақ алғаш рет Африка құрлығына – Мысыр еліне табан тіреді. Бұл – алдағы жолдың ашық екенін, алда талай тың әрі маңызды шаралардың тұрғанын білдіреді.
Әлемді баураған дауыс немесе әнші Димаш Құдайбергеннің өміріндегі тылсым оқиғалар хақында
Димаш Құдайберген 2025 жылғы Чехия хит-шеруінің жеңімпазы атанды
Димаш Құдайберген туралы «Шексіз музыка» атты кітап жарыққа шықты