Саясат • Бүгін, 10:20

Медиа саласының бірегей болмысы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында өткен жылды қорытын­дылап, саладағы елеулі жа­ңа­лықтарды атап өтті.

Медиа саласының бірегей болмысы

Сурет: kt.kz

Вице-премьердің айтуынша, 2025 жыл Қазақстанның медиа саласы үшін шын мәнінде айтулы кезең болды. Себебі жүйелі реформалар жүзеге асып, кәсіби стандарттар нығайды. Мемлекеттік бастамалар, серіктестік жобалар мен салалық маңызы зор іс-шаралар бұқаралық ақпарат құрал­дарын қолдауға және ақпа­рат­тық контенттің сапасын арттыруға бағытталған тұрақты бағдарымызды айқындады.

Қазіргі кезде елімізде 5 мың­нан аса БАҚ тіркелген. Олардың 306-сы – шетелдік БАҚ. Тек 2025 жылдың өзінде 515 жаңа медиа іске қосылды. Бұл дерек салаға деген қызығушылықтың жоғары екенін және медианарықтың белсенді түрде дамып келе жат­қанын көрсетеді.

«Ақпарат саласындағы заң­на­маны жетілдіру мемлекет сая­сатының басым бағыт­тары­ның бірі болып қала береді. Биыл отандық баспа басылымдарын қолдауға ерекше назар аударылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаңа Салық кодексінде отандық мерзімді баспа басылым­дарына қосылған құн салығы­ның 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлемесі енгізілді. Медиакеңіс­тіктің қарқынды дамуын ескере отырып, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарына қатысты, сондай-ақ әкім­шілік заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары әзірлен­ді. Бұл жұмыс ақпа­­­рат са­ласында құқыққа қай­шы кон­тенттің тара­луын азай­ту­ға бағы­т­талған. Онлайн-плат­­фор­­малар әкімшіліктері мен әлеу­­меттік желілердегі аноним­ді пайдаланушылардың жауап­кер­шілігі күшейтіледі. Сонымен қатар балаларды онлайн-платформаларда таралатын деструктивті контенттен қорғау шараларын енгізу ұсынылуда. Алғаш рет аудиови­зуалды платформалардың қыз­меті заңнамалық тұрғы­дан реттеліп, Қазақстан Респуб­лика­сының аумағында қызметін жүзе­ге асыру үшін тиісті лицензия алу міндеті белгіленеді», деді А.Балаева.

Оның айтуынша, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату аясын кеңейту жұ­мыс­тары жалғаса береді. Жыл со­ңына дейін 63 жаңа радио­те­леви­зиялық станса пайдалануға беріл­ді. Бұл ел халқының 95 пайызын цифр­лық эфирлік теледидармен қамтуға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар мем­лекеттік радио­хабар тарату желісі де дамып келеді. Шекаралас елді мекендерде 120 радиотаратқыш іске қосылуда. 2025 жылы теледидар көруді өлшеу жүйесі кеңіп, енді ірі қалалар ғана емес, халқы 100 мың­нан аз елді мекендер де қам­тыл­ды. Қазан-желтоқсан ай­ларын­дағы нәтижелер бойынша елі­мізде теледидар көру көр­сет­кіші 18 пайызға арт­қанын көрсетті. Теледидар әлі де меди­акеңістіктің маңыз­ды құрамдас бөлігі болып қала береді. Қазақстанда телеви­зия­лық контент өндіру ісі толық­қанды индустрияға айналды. Сонымен қатар отандық өнім­дер көрермен тарапынан жоға­ры сұранысқа ие болып, маз­мұн­дық тұрғыдан да сапалы еке­нін көр­сетті. Жыл бойы көрер­менге жаңа­лық­тар, деректі фильм­дер, са­рап­тамалық және зият­кер­лік бағдарламалар, сон­дай-ақ отандық телехикаялар ұсынылды.

«Халықаралық ынтымақ­тастық та белсенді түрде дамыды. Биыл Түркиямен бірлескен ірі жобалар жүзеге асып, «Қайта оралған Үміт» атты 100 сериялы телехикая аяқталды. Қытаймен бірлесіп алғашқы қазақ­стандық-қытайлық «Іле­де күтемін…» телесериалы түсірілді. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен бірлескен сегіз сериялы «Аллигатор» көркем телехикаясы жарық көрді. «Euronews» арнасының өңірлік өкілдігі аясында 2025 жылы телеарнада автор­лық жобалар эфирге шықты. Атап айтқанда, Қазақстанның мәде­ниеті, тарихы, табиғаты мен дәс­түр­леріне арналған 20 бағдар­лама, эко­номика, инвестициялар және Еуропа­мен ынтымақтас­тық тақырып­тарын қамтыған 10 іскерлік бағдар­лама, сондай-ақ академиктер, хи­рургтер, спортшылар, актерлер, археологтер мен ұшқыштар сияқты тағылымы мол тұлғалардың өмір жолын таныстыратын 10 бағдарлама ұсынылды. Бұған қоса маңызды оқиғаларға арнал­ған 5 арнайы бағдарлама жарық көрді. Сонымен қатар оңтайлан­дыруды ескере отырып, қажетті шешімдер қабылданды. «Ел арна» телеарнасының хабар таратуы тоқтатылып, «Қазконтент» құрылымы өзгерді. Ruh.kz және Baigenews.kz ресурстарының қызметі аяқталып, негізгі күш-жігер әлеуметтік желілердегі креа­тивті контентті дамытуға бағыт­талды», деді министр.

Сонымен қатар А.Балаева мерзімді басылымдарға деген қызығушылықты арттыру мақ­сатында «Қазақ газеттерінің» құрылымын қайта қарап, екі ірі республикалық газетті – «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» басылымдарын дербес әрі тәуелсіз брендтер ретінде бөлу ұсынылып жатқанын, бұл шешім еліміз үшін маңызы зор әр газеттің әлеуетін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияны нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бұған қоса Үкімет басшысы­ның орынбасары 2025 жылы өңірдегі кәсіби диалогтің негізгі алаң­дары саналатын дәстүр­лі «Astana Media Week» пен II Орта­лық Азия медиафорумы өт­кенін, сондай-ақ «Үркер» ұлт­тық сыйлығының және «Тұмар» ұлт­тық телевизия­лық сый­лығы­ның салтанатты марапаттау рә­сім­дері ұйымдастырылғанын айтты.

Сөзінің соңында ол қоғамдық сенім, ортақ құндылық­тары­мыз, ашық диалог пен өзара құрмет мәдениеті қалыптасып жатқанын айта келе, барша медиа саласының өкілдерін жаңа жылмен құттықтап, шығар­машылық шабыт, толайым табыс, жаңа жетістіктер тіледі. 

Соңғы жаңалықтар