Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ» Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сарапшылардың пікірінше, биыл басты назар инфляциялық қысымды еңсеру мақсатында базалық көрсеткіштерді индекстеуге, цифрлық құралдар арқылы көмекті алдын ала, проактивті негізде ұсынуға аударылады. Халықты әлеуметтік қорғаудың басты тетігі – түрлі төлемдердің барлығы дерлік екі негізгі көрсеткішке – айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейіне (ЕТКД) байланған. 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, бұл көрсеткіштер инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес ұлғаяды.
2026 жылы елімізде әлеуметтік қорғау саласында зейнетақы мен жәрдемақылардың 10,5%-ға индекстелуі, МӘМС аясында аурулар тізімінің кеңеюі, Салық кодексіне енгізілген өзгерістермен байланысты әлеуметтік қолдауға құқылы топтардың нақтылалуы сияқты негізгі өзгерістер болады. Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, әсіресе медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсартуға, әлеуметтік көмекті тұрақтандыруға бағытталған бұл шешімдер арқылы 2,6 миллионнан астам зейнеткер мен 2,3 миллионға жуық жәрдемақы алушы қамтылады. Зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар 10,5%-ға өседі.

Жаңа Салық кодексі мен басқа да нормативтік актілер арқылы арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, созылмалы аурулармен ауыратындар сияқты негізгі санаттар айқындалады. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне республикалық бюджеттен 6,8 трлн теңге бөлінеді. Оның 6,7 трлн-ы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалады. Жалпы, әлеуметтік төлемдерге 2025 жылмен салыстырғанда 860,5 млрд теңге артық көзделген.
Биылдан бастап азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 мың теңге көлемінде болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев таратып айтып берді. «Бюджетте арнайы өсім көзделмегенімен, азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақы мөлшері 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 99 мың теңгеден төмен болмайды деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары жыл сайын қайта қаралып отырады», дейді вице-министр.
Бұл норма барлық мемлекеттік органның жоспарларына енгізілген. Сонымен қатар жалақыны жыл сайын қайта қарау тетігі заңнамалық деңгейде бекітілген. «Еліміз тиісті халықаралық конвенцияны ратификациялады. Енді ең төменгі жалақы көлемі жыл сайынғы талқылау мен жаңартудың тұрақты үдерісіне айналады», деп мәлімдеді А.Ертаев.
Биылғы жыл зейнетақы жүйесіндегі маңызды реформалардың жалғасы болады. Мұндағы басты жаңалық – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен өсуі. 2024 жылы енгізілген жұмыс берушінің міндетті жарнасы жыл сайын көбейіп келеді. 2026 жылы бұл көрсеткіш нақты бекітілген кестеге сәйкес жұмыскердің айлық табысының 2,5%-ынан 3,5%-ына дейін өседі. Сондай-ақ базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ең жоғарғы мөлшерін 120%-ына дейін жеткізу жоспарланған.
Ана мен баланы қорғау саласында төлемдердің мерзімі немесе көлеміндегі түбегейлі өзгерістерден гөрі, оларды тағайындау механизмінің жетілдірілуіне басымдық беріледі. Бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін төлеу нормасы биыл да өз күшінде қалады. Дегенмен мемлекеттік бюджеттен бөлінетін субсидиялар көлемі артады.
Көпбалалы отбасыларға тиесілі жәрдемақы табысқа қарамастан беріледі, дегенмен АЕК мөлшеріне тікелей байланысты. АЕК-тің өсуі жәрдемақыны да автоматты түрде көбейтеді. Босанатын аналарға бір реттік, ай сайынғы төлемдер де артады. Жұмыс істейтін аналардың төлемі кейінгі екі жылдағы табысының 40%-ы көлемінде сақталады, бірақ оның ең жоғарғы шегі 7 ең төменгі жалақы көлемінде шектеледі.

«Отбасының цифрлық картасы» толық функционалдық режімге көшеді. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың 80-нен астам дерекқорын біріктіреді. Егер бұрын азамат жәрдемақы алу үшін өтініш беруі керек болса, биылдан бастап жүйе отбасының әлеуметтік мәртебесін өзі анықтап, SMS арқылы проактивті түрде көмек ұсынады. Сарапшылар мұны «көрінбейтін мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуы деп бағалап отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықты жойып, бюрократияны қысқартады.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау саласында қызметтерді монетизациялау, қолжетімділікті арттыру тренді жалғасады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары қайта қаралып, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) бұл салаға қатысуы кеңейтіледі. Мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік оңалту орталықтарына жүгіну мүмкіндігі артады.
Ендігі жерде дәрі-дәрмек пен оңалту құралдарын алу толықтай e-gov mobile ішіндегі «Әлеуметтік әмиян» арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Бұл азаматқа мемлекет ұсынған тауарды емес, өзіне қажетті сапалы тауарды таңдау құқығын береді.
Жаңа жылдан әлеуметтік қорғаудың жаңа қыры – таксистер, курьерлер, фрилансерлер сынды платформалық жұмысшыларды әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тарту қолға алынады. Өткен жылы басталған қанатқақты жобалардың нәтижесінде Yandex, Glovo сияқты интернет-платформалар операторлары өз жұмысшыларының бірыңғай төлемін автоматты түрде ұстап қалу жүйесіне толық көшуі мүмкін. Бұл шара шамамен 500 мыңнан астам азаматты «көлеңкелі» экономикадан шығарып, оларға жұмыссыз қалған жағдайда немесе жүктілікке байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлем алу құқығын береді.
Осыдан үш жыл бұрын «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы әлеуметтік саясаттың интеграцияланған бөлігіне айналуы бек мүмкін. Тек оқыту ғана емес, борышкерлерді жұмысқа орналастыру, олардың несиелік жүктемесін азайтуға қатысты мемлекеттік шаралар қатаңдатылады. Әлеуметтік кодекс аясында азаматтардың несие қабілеттілігін бағалауда олардың отбасылық бюджетінің нақты мүмкіндіктері қатаң ескерілетін болады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласы бағытын «атаулы әлеуметтік көмектен – сапалы жұмыспен қамтуға» қарай өзгертеді. Сараптамалық болжам бойынша 2026 жылдың негізгі ерекшеліктері мыналар болады: әлеуметтік қызмет көрсету саласында адам факторы барынша азайтылып, проактивті форматқа толық көшу жүзеге асырылады. Инфляция деңгейіне қарай барлық жәрдемақы мен зейнетақылар көлемі өседі. Зейнетақы жүйесінде жұмыс берушінің рөлі күшейтіледі. Платформалық жұмысшылар толыққанды әлеуметтік қорғау субъектісіне айналады.
Түптеп келгенде, әлеуметтік жауапкершіліктің кеңейтілген моделі бүгінде елімізде сәтті іске асырылып келеді. Сол тұрғыда әлеуметтік қорғау шаралары жай ғана қаржылай қолдаумен шектелмейді, ол – адамның қадір-қасиетін сақтап, қоғамдағы әлсіз топтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі, жауапты құрылымдардың жұмысы ғана емес, қоғамдық ұйымдар, волонтерлер мен кәсіпкерлік сектордың да жұмыла үлес қосатын бағыты.