Салық • Кеше

Салық кодексінің салмағы

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап қолданысқа енетін Салық кодексіндегі өзгерістер барлық саланы дерлік қамтиды. Реформа елдегі салық жүйесін жеңілдетіп, бизнес саласына да қолайлы жағдай туғызуға тиіс. Кодекстің ең маңызды тұстарын салық маманы Балжан Бақытқалиқызы қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

Салық кодексінің салмағы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Заңға көз жүгіртсек, жаңа Салық кодексінің басты ұстанымы мен мақ­саты айқын: салықты күр­де­лендіру емес, керісінше елге түсінікті ету. Мемлекет ар­тық есеп пен қағазбастылықты азайтуды көздеп отыр. Осыған байланысты салық есептілігінің көлемі 30%-ға қысқарады, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға кемиді. Бұрын болған ұсақ төлемдердің бір бөлігі мүлде алынып тасталады.

Қосылған құн салығының негізгі мөлшер­ле­месі 16% болып белгіленді. Бірақ медици­на саласына жеңілдік қарастырылған. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылы – 5%, 2027 жылы 10% ҚҚС салынады. Ал тегін медициналық көмек, МӘМС аясындағы қызметтер, сирек әрі әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, кітап шығару мен археологиялық жұмыстар ҚҚС-дан толық босатылады. Газет пен журнал сияқты мерзімді баспа өнімдеріне ҚҚС 10% болады. ҚҚС бойынша есепке тұру шегі 40 млн теңгеге дейін төмендейді. Осы сомадан асқан кәсіпкерлер міндетті түрде тіркелуге тиіс.

Зейнеткерлер үшін де оң өзгеріс бар. Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы жеке табыс салығынан босатылады. 10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын салық азаяды.

Кәсіпорындар үшін кор­пора­тивтік табыс салығы 20% деңгейінде қалады. Алайда бар­лық салаға бірдей емес. Банктер мен ойын бизнесі 25%, әлеуметтік сала ұйымдары 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% төлейді. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3% жеңілдік сақталады.

Қор нарығына қатысты жеңілдіктер бұрынғыдай қала­ды. «Бәйтерек» холдингінің бағалы қағаздарынан түскен табыс 2031 жылға дейін салықтан босатылады. Пайдалы қазбаларды барлау мен өңдеу саласына да қолдау көрсетіледі. Тиімділігі төмен жаңа кен орындары 5 жыл бойы өндіру салығын төлемейді.

Б.Бақытқалиқызының айтуынша, ең бірінші көзге түсетін өзгеріс – салықтық әкім­шілендіруде. Мемлекет салық төлеу­шімен қалай сөйлеседі, қалай талап қояды, қалай шек­теу енгізеді – осының бәрі өзге­ріп жатыр. Бұрын салықта қателік кетсе, бірден әкімшілік жазаға тартылатын. Қазір жүйе сәл жұмсарды. Егер салық бо­йынша қарыз 20 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, алдымен «Сізде салық қарызы бар, осы қарызды төлеңіз» деген хабарлама келеді. Бірден жазаламайды. Егер сол қарыз 5 күннің ішінде төленбесе, банк шотына шектеу қойылады. Бірақ бұл жерде де бұрынғыдай қатаңдық жоқ.

«Мысалы, менің қарызым 10 мың теңге, ал банк шотымда 100 мың теңге бар делік. Арест бүкіл 100 мың теңгеге қойылмайды. Тек 10 мың теңгесі ғана бұғатталады. Қалған 90 мың теңгені мен пайдалана беремін. Ал қарыз көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен асып, 45 айлық есептік көр­сеткішке жетсе, жағдай өзге­реді. Бұл кезде банк шоты қарыз сомасына жабылады. Сонымен қатар компания өз мүлкін сата алмайды. Егер ком­па­ния­ның атында мүлік болса, оны рәсімдеу, сату тоқтайды. Ең қатаң шара қарыз 27 мың айлық есептік көрсеткіштен асқанда қолданылады. Келесі жылы бұл сома 116 млн 775 мың теңге болады. Егер осындай қарыз жеке кәсіпкерде немесе компания иесінде болса, онда ол адам шетелге шыға алмайды. Бұл жаңа Салық кодексінде жаңадан қосылған бап», дейді ол.

Салықтық әкімшілендірудегі тағы бір үлкен өзгеріс электрон­дық шот фактураға байланыс­ты. Бұл тұс көптеген саудагерге тікелей әсер етеді. Қазір электрондық шот фактура беру қатты бақылауға алынып жатыр. Егер сіз дүкен ұстап, нан, сүт, айран сатсаңыз да, қасында канцелярия немесе ойыншық сат­саңыз да, міндетті түрде элект­рондық шот фактура беруіңіз керек. Бұл жерде екі түрлі бақылау бар.

«Біріншісі – автоматтан­ды­рыл­ған бақы­лау. Ол қосымша құн салығында тұрған кәсіп­керлерге қатысты. Электрондық шот фак­тура беру үшін алдын ала ҚҚС төлеу керек болады. Екіншісі – тауардың қайдан кел­генін тексеру. Мысалы, ойыншық немесе кеңсе тауарын сатсаңыз, салық органы ол тауар­ды қайдан алдыңыз деп сұрайды. Яғни енді тек «саттым, салығын төледім» деу жеткіліксіз.

Қазір тауарды қайдан алдың, кімнен сатып алдың, соның бәрі маңызды. Салыстырмалы тексеру жүреді. Бұл – көлеңкелі экономикамен күрес», дейді Б.Бақытқалиқызы.

Келесі үлкен өзгеріс арнаулы салық режімдеріне қатысты. Қазір 7 түрлі арнаулы салық режімі бар. Келесі жылдан бастап олар­дың саны үшеуге қыс­қарады. өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандар; оңайлатылған декларация; шаруа қожалықтары. Шаруа қожалықтарында айтар­лық­тай өзгеріс жоқ. Ал негізгі жаңалық – оңайлатылған декларацияда. Қазіргі бөлшек сау­да режімі мен оңай­ла­тылған декларация біріктіріледі. Екеуі­нің талаптары қосылып, жаңа режім шығады.

«Гибридті оңайлатылған декларация қосымша құн салығынан босатылған. ҚҚС тек шетелден импорт тауар әкелген кезде ғана төленеді. Бірақ осы жерде кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бір үлкен мәселе бар. Ең үлкен өзгеріс – осы. Егер оңайлатылған дек­ларациядағы кәсіпкер жалпыға бірдей ре­жімдегі саудагерден тауар сатып алса, ол тауарды шегерімге қоя алмайды. Қазір халық­тың бәрі осыған шырқырап жатыр», дейді салық маманы.

Жаңа Салық кодексінде тағы бір жаңа ұғым пайда болды. Ол – сән-салтанат коэффициенті. Бұл коммерциялық емес, жеке тұрғын үйлерге қатысты. Егер бір адамның атына бірнеше үй тіркеліп, олардың жалпы құны 450 млн теңгеден асса, онда асқан бөлігіне қосымша салық салынады. Үйдің бағасына қарай пайызбен есептеледі. Құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден асатын кемелерге, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, данасы 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10% акциз салынады.

«Тағы бір маңызды өзгеріс мүге­дектігі бар адамдар жұ­мыс істейтін ұйымдарға ар­нал­ған. Ондай ұйымдарға үлкен жеңілдік бе­ріліп отыр. Егер қызметкерлердің 51%-ы ерек­ше жандар болса, олар нақты жалақы алып отырса және 10 адамнан асса, ұйым қосымша құн салығынан да, корпоративтік табыс салығынан да толық босатылады. Бұл жерде де нақты талап бар. Олар тек тіркеліп тұрмауы керек. Нақты жалақы төленуі шарт. Қызметкерлердің жалақысы жалпы жалақы қорының 51%-нан кем болмауға тиіс», деп сөзін түйіндеді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025