Көрмеге қойылған көне жәдігерлердің негізгі бөлігін археологиялық экспедициялардан, «көмбелерден» табылған бұйымдармен қатар, кездейсоқ табылған олжалар құрайды. Экспозициялық материалдар бірнеше ақпараттық кешен түрінде ұсынылған. Соның алғашқысы қола кезеңіндегі (б.з.д. XIII–Xғғ.) сәндік метал бұйымдар. Бұл бөлімде қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары: білезіктер, сырғалар, алқа және солярлық белгімен безендірілген шытыралар, айналар ерекше көзге түседі.
Мұндағы «Күн бейнелері» (лунарные) ежелгі кезеңнен бастап әлем мәйегі және космостық жоғарғы әлем деген түсініктермен сабақтас. Археологтар қола кезеңіндегі шеңбер ішіндегі свастикалар күнге қатысты символдар, дәстүрлі түрде от (жерлік және аспандық) белгілерімен байланыстырылғанын айтады.
Ұлттық орталық музейдің ғалым-хатшысы Ерсін Маралбекұлы, көрме металл өнерінің әр алуан үлгілерін көрсету арқылы мәдени мұраның сабақтастығын танытуға, металл өңдеу техникасы мен өнерінің тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан жүйелеуге және көрерменді металл-сәндік дәстүрлерінің мәдени, діни және әлеуметтік құрылымдармен өзара байланысын түсінуге жетелейтінін атап өтті.

Ғалымдар ерте темір дәуіріндегі көркем металл бұйымдар б.з.д. VIII – б.з. V ғ. Сақ тайпалары скиф-сібір «аң стилінің» қалыптасуында шешуші рөл атқарғанын айтады. Бұл стиль әлемдік өнер тарихындағы ең жарқын құбылыстардың бірі саналады. Аталған құбылыс бейнеленбейтін стилизацияның дамуына мүмкіндік ашты. Себебі «Аң стилі» ежелгі көшпелілердің дүниетанымдық идеологиясына бағынған мифтік және магиялық жүйемен сабақтас. Экспозициядағы ғұрыптық бұйымдар, қазан әшекейлері, белдік әшекейлері көрермен назарын аударады.
Көрменің ашылу салтанатында Ә.Марғұлан атындағы археология институты «Тас және металл дәуірі» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Сергей Захаров, өлкетанушы әрі тәуелсіз зерттеуші Антон Шатохин сөз алып, металл бұйымдарындағы бейнелеу мотивтері мен семиотикалық элементтердің тарихи-мәдени кезеңдердегі идеологиялық және мәдени трансформацияларға сәйкес өзгергенін, сол арқылы тарихи эволюциясын қалыптастырғанын айтып, осы саладағы қызықты зерттеулерімен бөлісті.

«Метал бұйымдардағы өрнектер әр кезеңде әрқилы көрініс тапқан. Олардың стилі, жасалу техникасы мәдени мұраның бір-біріне ұласып дамып, өрістеп отырғанын көрсетеді. Археологияда обаларды қазған кезде мұндай бұйымдар өте аз шығады. Себебі көпшілігі тоналып кеткен. Сол үшін де музейлерде олардың бәрінің басын біріктіру қиын. Мұндағы жәдігерлердің басым бөлігі кейінгі үш жылда шыққан бұйымдар. Ортағасырлық сәндік металл бұйымдар VI–XIV ғасырларға тән. Орта ғасырдағы көркемделген металл Орталық Азия көшпелілерінің рухани дүниетанымы мен әлеуметтік мәртебесінің көрінісі; ол мифология, эпос, діни наным-сенімдік ұғымның, түркі мәдениетінің VI–XIII ғғ. өнерін зерттеудегі маңызды дерек көзі. Металдан сәнделіп жасалған бұйымдар өзінің көркем безендірілуімен ерекше. Экспозицияның бұл бөлігінде Зевакино, Бобров обаларынан табылған белдік әшекейлері, сондай ақ, ат әбзелдері, ыдыс аяқ, шырағдандар, қола айналар және т.б. бұйымдарды көруге болады. Сол секілді жеке коллекциялардан алынған жәдігерлерден Жетісу аймағындағы ежелгі және ортағасырлық тұрғындардың мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамдары мен діни дүниетанымы туралы түсінік беретін бірегей артефактілер (жердің жоғарғы бетінен алынған материалдар) ұсынылып отыр. Аталған материалдарды өлкетанушы, тәуелсіз зерттеуші, кәсіби археологтармен бірге еңбек етіп жүрген Антон Шатохин жинаған. Олар ерте темір дәуірі (б.з.д. VIII – б.з. V ғ.), ортағасырларға (VII–XII ғғ.) жататын көркемделіп безендірілген металл бұйымдар», дейді Ұлттық Орталық музейі Археология бөлімінің жетекшісі Нәбира Төрежанова.