Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Алматы мәслихатының отырысында қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков баяндама жасады. Оның айтуынша, «Сергек» жүйесінің жеткізушісі – «Көркем Телеком» ЖШС-мен келісімшарт 2017 жылы жасалған. Мемлекет қабылдаған міндеттемелердің жалпы сомасы 9,9 млрд теңгені құрады.
Бүгінде қалада 1 641 бейнебақылау кешені жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, 2025 жылы «Көркем Телеком» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталуы тиіс болған. Осыған байланысты өткен жылдың қазан айында қала билігі жаңа камера жеткізушісін таңдау үшін жұмыс тобын құрған. Үміткерлер қатарында Presight, Infodata, «Байланыс» және басқа да компаниялар болған. Талдау 2 ай бойы жүргізілгенімен, жұмыс тобы нақты шешімге келе алмаған. Нәтижесінде «Сергек» жүйесін 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдыру ұсынылды.
Сондай-ақ жеке серіктес есебінен кешендер санын арттыру ұсынылды: қала қажеттіліктеріне сәйкес қосымша 350 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін орнату жоспарланып отыр. Бұл ретте қызмет көрсету тарифтерін көтеру көзделмеген.
Алматыда «Сергек» жүйесін сақтап қалуды мәслихат депутаты Алмасхан Сматлаев қолдады.
«Бұл – қала үшін аса маңызды жоба. Кем дегенде 1 жылға ұзартуды қолдайсыздар деп үміттенемін. Болашақта серіктеске 1 жыл емес, 3-4 жылдық мерзім беру қажет деп санаймын. Кез келген бизнес ұзақ мерзімді стратегия құруға мүмкіндік алуы тиіс. Құрметті депутаттар, қолдауларыңызды сұраймын», деді ол отырыс барысында.
Нәтижесінде келісімшартты ұзартуға 29 депутат дауыс беріп, біреуі қарсы болды. Шешім «Сергек» жүйесінің пайдасына қабылданды.