Қоғам • Бүгін, 12:12

Елден кіндігін үзбеген…

1170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейіпкерімді бала күнімнен білемін. Оның есімі – Рамазан Боқанұлы. ҰҚК отставкадағы полковнигі, тарих ғылымдарының кандидаты. Әке-шешесін де жақсы танимын. Өйткені бір ауылданбыз. Көрші тұрдық. Ата-анасы елге сыйлы адамдар еді. Әкесі Боқан – екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Тұлғалы азамат болатын. Түрі сұсты. Ұзақ жылдар кеңшарда есеп саласында қызмет істеген. Жеңіс күні қарсаңында Боқан әкені мектепке шақырып, талай мәрте әңгімесін тыңдадық. Ол кезде ауылда соғысқа қатысқан қарттардың біразы бар еді. Кейбір майдангерлер соғыс туралы айтқанды ұнатпайды. Ал Боқан ақсақал ондай емес. Бізге қанды қырғында көзімен көрген оқиғаларды бүкпесіз баяндайды. Ал анасы Әсияхан апа мейірімді, еңбекқор жан еді. Оның бау-бақшасында жемістің неше түрі жайқалып өсетін.

Елден кіндігін үзбеген…

Боқан әке мен Әсияхан апа ауыл үлгі тұтатын отбасының бірі болды. Олар алты ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі жоғары білім алып, лауазымды қызмет атқарды. Рамазан – қос қарияның төртінші баласы.

Кеңестік кезеңде шұбартаулық жастардың «Мектеп партасынан – мал шаруашылығына!» деген бастамасы республика көлемінде тарады. Бір жағынан, осы науқаншылдық қазақ жастарының бағын байлады. Мектепті үздік оқыған қыз-жігіттер жоғары оқу орнына бармай, ауылда жұмыс істеді. Біздің кейіпкеріміз де мектеп бітіргеннен кейін сыныптастарымен бірге «Ақ жайық» жастар бригадасын құрып, еңбекке араласты. Трактор жүргізді. Бірақ осы еңбек еткен жылдар оған өмірлік азық сыйлады. Адамдармен жақын араласып, тәжірибе алды. Бұдан соң әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеді. Алайда талапты жас бала күнінен «тарихшы болсам деп» армандайтын. Сол арманы теңіздегі көзді арбаған маяктай үнемі қол бұлғап шақыратын. Ақыры Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданды. Осы жылдары аталған білім ордасын көрнекті ғалым Ебіней Бөкетов басқаратын. Жоғары оқу орнын үздік оқыды. Ұстаздары оның ғылыми-зерттеу жұмыстарына жақындығын байқап, соған бағыттады. Түрлі ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасады. Қарағанды университетін бітіргеннен кейін Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына оқытушы болып орналасты. Студенттерге дәріс оқи жүріп, ғылымға құлаш ұрды. Аспирантураға түсті. Кандидаттық диссертациясын қорғады.

Рамазан Боқанұлы – бірсөзді адам. Мінезі тұйық. Көп ашылмайды. Оның қауіпсіздік органдарында қызмет істеуі де тегін емес. Нағыз әскери тұлға. Тәртіпті ұнатады. Ұлттық қауіпсіздік саласында отыз жылға жуық табан аудармай еңбек етті. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Бұл еңбегі де еш кетпеді. Бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды.

Әсіресе кейіпкеріміз туған жерін ерекше жақсы көреді. Елден жас кезінде кетсе де, кіндігін үзбеген. Астанадан ауылға жиі барады. Әке-шешесінің басына барып, құран оқытады. Рамазан келгенде ауылдағы құрдастары да қуанады. Бәрі қызықты бала күндерін еске алып, мәз болады. Бір өкініштісі, бүгінде баяғы берекелі ауыл жоқ. Шалғайдағы көптеген елді мекен жүдеу күй кешіп отыр. Осы жағдай оны қатты алаңдатады. Алайда Рамазан аға қолынан келгенше, жерлестерінен көмегін аянып қалған емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын елордада тұратын бауырлармен бірге жас көшеттерді сатып апарып, ауылдағы саябаққа отырғызды. Бүгінде бұл көшеттер бой тартып, өсіп қалды.

Енді бір оқиғаға тоқталайық. Осыдан біраз жыл бұрын оған Қостанай облыстық әскери комиссариатынан хат келеді. Онда Ресейдегі Новгород облыстық «Поисковая экспедиция «Долина памяти Н.И. Орлова» қоғамдық ұйымының бас маманы Л.В. Лысованың хатының көшірмесі берілген. Хатта 2008 жылы 18 тамызда аталған облыстың Парфин ауданы Васильевщина деревнясы маңынан экспедиция мүшелері бірнеше жауынгердің сүйегін табады. Соның бірінің қасынан табылған медальонда «Қостанай облысы Амангелді № 1 ауыл Қабырға ұжымшарының тумасы, қатардағы жауынгер Сейітқасов Қайыр» деген жазу бар екен. Осыған «жауабын беріңіздер» деп жазылған. Хатты оқығаннан кейін Рамазанның кеудесін өксік қысып, көзіне жас алды. Бұл – әкесінің туған ағасы еді. Әкесі көзі жұмылғанға дейін ағасын көп іздеді. Бірақ ешқандай дерек табылмады. Сөйтіп, ол кісі 2009 жылы мамыр айында бауырымен бірге ұлы Шыңғысты ертіп, «Ясная поляна» деген туысқандар зиратындағы екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлерді қайта жерлеу рәсіміне барып қатысты. Атасының бейітіне туған жерінің топырағын апарды. Елге келгеннен кейін ауылға барып, атасына белгі қойып, құран оқытты. Осы оқиға жайында белгілі қаламгер Қайсар Әлім бас газетте көлемді мақала жазды.

Бұл – Рамазан Боқанұлының азаматтық бір қыры. Айта берсе, ондай қыры көп. Жә, оны келесіге қалдырайық.

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53