Күдікті Петропавлдың шет жағында жасырылған есірткі қоймасы бар екенін айтқан. Тексеру барысында ол жерден аса ірі көлемдегі психотроптық заттар табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 276 грамнан асты. Қылмыстық кодекстің 279-бабы 3-бөлігі бойынша мұндай қылмысқа 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осындай жаза Петропавлдың тағы бір тұрғынына да берілуі мүмкін. Ол өзінің «Kia Cerato» автомобилімен Астанадан Петропавлға есірткінің аса үлкен көлемін жеткізген деген күдікке ілінген. Оның машинасының жүксалғышынан жалпы салмағы 608 грамм «мефедрон» (α-PvP) есірткісінің 4 орамасы табылған.
Астанадан келген бірі 18, екіншісі 17 жастағы екі өрімдей жастың бойынан тәртіп сақшылары изолентамен оралған, ұнтақ тәрізді зат салынған 3 түйіншекті тауып алды. Бұл жалпы салмағы 84 грамнан асатын «α-PvP» атауымен белгілі синтетикалық психотроптық заттар екенін сараптама анықтады. Күдіктілерге де 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жігіт қамауға алынды, ал оның серіктесі, 17 жастағы қызға «келу туралы міндеттеме» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы кейінгі кезде тұрғындар арасынан «жасырушы» бойынша қылмыстық істер сирек кездесе бастағанын айтады. Бұл жыл басынан бері облыста жүргізген алдын алу шараларының нәтижесі болса керек. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері 56 «жасырушыны» ұстап, істерін сотқа жеткізген. Алайда 48 жастағы бір әйелдің «жасырушылар» қатарынан табылғаны өкініш ұялатады. Тәртіп сақшылары оның сөмкесінен қызғылт түсті кристалл тәрізді зат салынған 15 түйіншек тәркіледі. Ұсталған әйелдің көрсетуі бойынша бұған дейін жасырып кеткен «қалталар» да анықталды. Тәркіленген синтетикалық психотроптық заттың (α-PvP) жалпы салмағы 40 грамға жуық болды. Бұл шамамен 300 бір реттік дозаға тең. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Жедел ақпаратқа сәйкес, әйел есірткі таратумен тамыз айынан бері айналысқан. Әдетте «қалталаушылардың» көбі мұндай заңсыз әрекетпен үш айдан артық айналыса алмайды.
Жалпы есеп бойынша, жыл басынан бері облыс аумағында есірткі сату күдігімен 132 адам, соның ішінде 13 әйел ұсталды. Қазір полиция алдын алу жұмысының жаңа форматын енгізіп жатыр. Енді полиция есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесінің мүшелерімен бірге ата-аналар комитеттерінің төрағаларын да кездесулерге шақыратын болды.
Солтүстік Қазақстан облысы