1874 жылы тұңғыш рет Венада қойылып, содан бері төрткүл дүниедегі бекзат өнердің ірі сахналарынан түспей келе жатқан бұл қойылымның қай қырынан алсаңыз да бағы жанып тұр. Тапқыр әзіл, мың құбылған оперетта тыңдарманға айтар өзіндік тағылымына қоса, сопрано, тенор дауысты дарындар мүмкіндігін әйгілейтін де қасиеті бар.
Алматылықтарға ерекше көңіл күй сыйлаған «Жарқанат» опереттасы Жаңа жыл мерекесінің келе жатқанын, музыка сиқырын сезіндірді. Көрермендерін күлкіге қарық қылып, опера әртістерімен қосыла билеп кетердей делебесін қоздырып өтетін әлемдік өнер жауһарын ендігі жерде Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Иркин Габитов сахналап отыр. Ол бұған дейін де Абай атындағы театрмен қоян-қолтық жұмыс істегенін айту керек.
Опереттаның сюжеттік желісі ауқатты адвокат Генрих Айзенштайнның отбасындағы опасыздықтан басталады. Күйеуінің опасыздығын кешіре алмаған Розалинда кек алуды көздейді. Ығайлар мен сығайлар тоғысқан салтанат кешіне жарғанат болып киініп барып, жұмбақ келбетімен, сымбатымен күллі еркекті есінен тандырған әйелдің айласы адамдардың болмысын, махаббат пен қызғаныштың шекарасын, қуаныш пен қалған көңілдің терезесін айқара ашады. Бекзат өнердің тілімен пенделіктің пердесі ысырылып, жүрекке ауыр тиетін сатқындық жеңіл де ойнақы музыка, өткір әзілмен өріледі. Қаласа – қулығын қырық есекке арта алатын әйел жанының қалтарыстары опасыздықты кешіре ала ма, жарқанат өмірдің махаббатты сақтап қалуға күші жете ме? Бұл сауалдың жауабын көрермен өзі табады.
«Отбасында ғана емес, жұмысында да жауапсыздау, әйелін алдап-сулап бал-маскарадқа досымен тайып тұрған адвокатты Розалинда сол жерде басқа кейіпте табады. Тауып қана қоймай, қылығымен, сымбатымен, жұмбақ бейнесімен күйеуін арбап, өзіне қайта ғашық етеді. Бұл өте жағымды, ойнақы, көңілді аяқталатын жеңіл юморлы спектакль.
Қоюшы-режиссер Иркин Габитовтің жетекшілігімен опереттаның айналасында жүздеген маман жұмыс істеді. Әйгілі аустриялық композитор Иоганн Штраустың осынау туындысы сахнадан түспей келе жатқанына екінші ғасыр. Дүние жүзінің театрларын жаулаған қойылым алматылық көрермендерге де ұнайды, сұранысқа ие», дейді Абай атындағы ҚазҰОБТ опера әншісі Надия Наденова.
Премъера алдында сөз алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚазҰОБТ труппасының көркемдік жетекшісі Болат Бөкенов: «Қойылым барысында көрермендер тәжірибелі, тісқаққан таланттардың ғана емес, үлкен сахнаға алғаш рет көтерілген жас дарындардың да өнерінен ләззат ала алады. Әрбір солист өз рөлін жарқырата көрсетіп, биік өнердің салтанатын сезіндіреді. Театр труппасы «Жарқанатпен» еліміздің басқа өңірлеріне гастрольдік сапарлармен шыққан кезде де ұдайы көрермендердің шынайы қошеметіне бөленіп қайтады. Бізді жұрттың опера өнеріне деген қызығушылығы жоғалмағаны қуантады», дейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңарған қойылым – алматылықтарға жаңа жыл қарсаңындағы тартуы. «Шаһар тұрғындары мен қонақтары алдағы мерекенің шаттығын сезініп, әзіл-күлкіге толы ғажайып сұлу музыканың сиқырына сапар шеккенін көксейміз», дейді олар.
Розалинда салтанат кешінде мажар ханшайымының кейпінде соңына дейін құпиясын ашпайды. Басында баяу басталып, біртіндеп жігерлене түсетін оның отты әні шынында да әсерлі әрі опера әншілерінің дарынын көрсете алатын сәт дер едік.
Абай атындағы ҚазҰОБТ опера әншісі Наргиз Сәтмұхамбетова: «Бір жағынан жаңарған «Жарқанат» үлкен өнер дәрісіндей болды. Түрлі образдармен жұмыс істегенде әншілердің көңіл күйі де құбылып, сан алуан кейіпке енеді. Мұны көрермен де сезініп, өнер иесі де ішкі бұлқынысын жеткізуге жанын салады», дейді.
Айтқандай, опереттаның шеберлікті талап ететін ең әйгілі тұсы – қызметші Адельдің ария күлкісі.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында РФ Халық суретшісісі опереттаның қоюшы-суретші Вячеслав Окунев: «Жарқанат» – әлемнің барлық сахнасын жаулаған өте танымал қойылым. Мысалы, Ковент-Гарденнің сахнасы сынды, әлемнің ең әйгілі опера жұлдыздарын жарқыратқан туынды. Меніңше, Абай театры да осы деңгейден табылады. Ал князь Орловскийдің балында байырғы Венаның келбеті мен көне ісмерлердің қолынан шыққан костюмдерді көрсетуге барымызды салдық. Балға киетін аппақ көйлектердің коллекциясы мен басқа да тамаша костюмдер тігілді. Көрермен мұндай кереметті көруге, сезінуге тиіс», деді.
Сонымен бірге сахна сыртында жұмыс істеген Татарстанның халық әртісі, қоюшы-дирижер Ренат Салаватов пен бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Темірбекованың да еңбегін атап өткен жөн.
Қорыта айтқанда, Абай атындағы театрға жолы түскен көрермен Балуан Беркенов пен Халид Нұралиев (Генрих Айзенштайн), Наталья Мезина мен Надия Наденова (Розалинда), Наргиз Сәтмұхамбетова мен Анжела Шагарова (Адель), Фархад Көбеев пен Дамир Сәдуақасов (Альфред), Андрей Трегубенко мен Александр Сметанин (театр директоры Фальк), Айдос Жабағин мен Әлихан Бейсеков (князь Орловский) сынды сахна саңлақтарымен қауыша алады.
АЛМАТЫ