Экономика • Бүгін, 08:58

Импортты азайтуға мүмкіндік мол

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі үнемі назарда. Бірақ нақты нәтижеге келгенде сұрақ көп. Осыған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында нақты тапсырма берген еді. Пәрменге сәйкес, мемлекеттік сатып алудағы отандық өндірістің қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу керек.

Импортты азайтуға мүмкіндік мол

Сурет: navstat.uz

Ал отандық өндірушілермен жасалатын офтейк-келісімшарт­тар сатып алу көлемінің кемінде 10% болуға тиіс. Алайда шынайы көрініс бұл бағытта әлі де жүйелі қиындықтар бар екенін көрсетеді.

QazaqGaz, Энергетика ми­нистрлігі, Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігі, Самұрық-Қазына Контракт, Қазақстан машина жасаушыларының одағы және жетекші отандық кәсіп­орындар өкілдерінің қатысуы­мен отандық тауар өндіруші­лер­ді қолдау және дамыту мәсе­ле­леріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы – отандық өндіріске қатысты осы түйінді шешу.

Бағамдап қарасақ, Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен ірі ұлттық компаниялар арасындағы ынтымақтастық бар. Бірақ шектеулі. Одақ бұл бағытта белсенді рөл атқаруға дайын екенін ашық мәлімдеді. Отандық өндірісті дамытуға әрі қарай да жәрдемдесуге, QazaqGaz бен машина жасау кәсіпорындары арасындағы байланыстырушы буын болуға ниетті екенін жеткізді.  Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев келтірген деректер оң динамиканы көрсетеді.

«2023 жылы 924,2 млн теңгеге 17 офтейк-келісімшарт жасалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,3 млрд теңгеге 41 келісімшартқа жетті. Ал 2025 жылдың 11 айында 41 келісімшарт жасалып, жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеден асты. Осы кезеңде шамамен 11,2 млрд теңгеге 99 офтейк-келісімшарт жасалды», деді ол.

Айтылған сандар отандық машина жасау саласына сұра­ныс бар екенін көрсетеді. Бірақ осы көрсеткіштердің өзі жалпы нарық ауқымымен салыс­тыр­ғанда әлі де мардымсыз. Мәсе­ленің екінші қыры импорт­қа тәуел­ділікке байланысты. 2025 жыл­дың 9 айында машина жасау өнім­дерінің импорты ша­ма­мен 20 млрд долларды құ­рады. Бұл ел­дің жалпы им­порты­ның 43%-ы деген сөз. Яғни еліміз өз ішін­де өндіре ала­тын немесе өн­діруге әлеуеті бар та­уар­ларды әлі де сырттан алып отыр.

Мұнда парадокс бар. Бір жағынан отандық кәсіпорын­дардың өндірістік мүмкін­дігі жеткілікті деп айтылады. Екінші жағынан оларды толық іске қосуға сатып алу көлемінің шағын болуы мен техникалық құжаттаманың жетіспеуі кедергі келтіріп отыр. Яғни сұраныс бар, десе де тұрақты әрі ұзақмерзім­ді емес. Ал өнеркәсіп үшін ең ма­ңыздысы – дәл осы тұрақ­ты­лық. QazaqGaz басқарма төр­ағасы Әлібек Жамауов сатып алу жү­йесін өзгертпейінше, бұл түйт­кіл шешілмейтінін атап өтті.

«Жаңа ережелерге сәйкес, сатып алулар электрондық форматта жүргізілуге тиіс. Бұл рәсімдердің ашықты­ғын қам­тамасыз етеді, әлеуетті жет­кізу­шілер арасында адал бәсеке­лестікті күшейтеді, сатып алу кезінде сөз байласудың алдын алуға мүмкіндік береді», деді ол.

Өзгеріс шын мәнінде маңыз­ды. Себебі жабық сатып алу мен түсі­ніксіз талаптар отандық өн­діру­шілер үшін ең үлкен тосқауыл­дың бірі болып келген. Соны­мен қатар жергілікті қамту үлесін арттыру тек бір ком­панияның немесе бір саланың міндеті емес екені де айтыл­ды. Бұл жұмыс салалық ми­нистр­ліктердің, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан машина жасау­шы­ларының одағының бірлескен қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл қолдау нақты өндірістік тапсырысқа айналмаса, оның әсері шектеулі болып қала береді.

Газды қайта өңдеу және магистральдық құбыржолдарын салу жобалары осы тұрғыдан ерекше маңызға ие. Салада ұзақмерзімді әрі көлемді тап­сырыс­тар бар. Демек, отан­дық өндіру­шілер үшін нақ­ты мүмкіндік те осында. Бірақ ол үшін техни­ка­лық талап­тар алдын ала бері­­ліп, кәсіп­орындар соған дайын­­далуы керек. Осы бағытта офтейк-келі­сімшарттар негізгі құралға айналып отыр. Олар отандық кәсіп­орынға өндірісті жос­парлауға, инвестиция салуға, технологияны дамы­туға мүмкіндік береді. Қол қойыл­ған келісімдер соның алғаш­қы қадамы ғана. Жұмыстың алдағы нәтижесі уақыт пен жүйелі шешімдерге тікелей байланысты. 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53