Білікті мамандарға тап болған науқас – созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысына шалдыққан 34 жастағы азамат болатын. Ол бұған дейін жүрек ауыстыру отасын күтіп, республикалық кезекте тұрған.
Бес сағаттан астам уақытқа созылса да сәтті аяқталған жүрек ауыстыру отасын Алматы қалалық кардиологиялық орталығының білікті мамандарынан құралған мультидисциплинарлық команда Астанадағы University Medical Center дәрігерлерімен бірлесіп жасаған еді. Оған Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев пен UMC корпоративтік қоры басқарма төрағасы, профессор Юрий Пя жетекшілік етті. Қажетті қолдау көрсету үшін UMC мамандары Алматыға жедел түрде келді.
Қазіргі таңда қалалық кардиологиялық орталығында жоғары технологиялық оталар жасау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда білікті кардиологтар, кардиохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, перфузиологтар мен операциялық мейірбикелер қызмет атқарады. Заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізіліп, халықаралық стандарттарға сай жабдықтар қолданылады.

Қазір сауығып үлгерген науқас дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылық білдірді.
«Ауруымның бәрі энергетик сусындардан басталды. Басында күніне бір бөтелкемен шектелсем, кейін күн сайын 8-10 энергетикалық сусынға дейін жеттім. Мұның соңы ауыр диагнозға әкелетінін аңғармаппын. Бүгін мен дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында тірімін. Енді денсаулықтың адам өміріндегі ең үлкен байлық екенін анық түсіндім», деді науқас.
Ауруханадан шыққаннан кейін науқас өзі тіркелген емханада дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Жүрек трансплантациясымен бірге, стационарлық ем, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оңалту мен одан кейінгі медициналық бақылау мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында мемлекет есебінен көрсетіледі.
Еске сала кетейік, артериялық гипертензияның ауыр түрімен ауырған, инсульт алған 50 жастағы әйел донор болды. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілгеннен кейін дәрігерлер консилиумы оның ми өлімін анықтап, мәйіттік донорға рұқсат берді. Марқұмның туыстары келісімін берген соң донорлық үдеріс ұйымдастырылған болатын.