Фото: Видеокадр (архив)
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған түзетулердің негізгі мәні – мемлекеттік қолдауды неғұрлым нысаналы, түсінікті және нәтижелі ету.
«Ең алдымен, бұл туристік инфрақұрылымға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге қатысты. Мұндай нысандарға нақты талаптарды белгілеу өтемақының мақсатты әрі негізді болуын қамтамасыз етіп, сапа мен қолжетімділіктің заманауи стандарттарына сай келетін визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын құруға және жаңғыртуға ынталандырады. Бұл, әсіресе, басым туристік аумақтар үшін маңызды. Сонымен қатар мұндай тәсіл қажетті нәтиже бермейтін және туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін нысандарды қолдау тәуекелдерін барынша азайтады», деді Н. Шаталов.
Оның сөзінше, одан әрі заң жобасы уәкілетті органның өзге де қолдау шараларына қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі өкілеттіктерін бекітеді.
«Атап айтқанда, біріншіден – ел ішінде кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау кезінде турөнім құрамына енгізілген әуе билеттерінің құнын субсидиялау көзделетін туристік өнімге қойылатын талаптар; екіншіден – әрбір шетелдік турист үшін келу туризмімен айналысатын туроператорлардың шығындарын субсидиялау. Яғни қолдау нақты нәтиже мен экономикалық тиімділікке бағдарланады», деді Мәжіліс депутаты.
Никита Шаталовтың пікірінше, жергілікті атқарушы органдардың рөлі де күшейтіледі. Олар басым туристік аумақтардың шекараларын айқындап, мемлекеттік қолдау есебінен салынған немесе жаңғыртылған нысандардың сақталуын және мақсатты түрде пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік алады.
«Заң жобасының екінші бөлігі балалар және бұқаралық спортқа арналған. Депутаттардың түзетулерін ескере отырып, балалар-жасөспірімдер спорт мектептері үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру және E-Sport цифрлық платформасы енгізіледі. Бұл бір спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 мың теңгеге дейін арттыруға (қазіргі орташа деңгейі шамамен 233 мың теңге) және біліктілік үшін қосымша төлемдер арқылы жаттықтырушылардың еңбекақысын көбейтуге мүмкіндік береді. E-Sport платформасы саладағы есепке алу, басқару және талдау жұмыстарын қамтамасыз етіп, басқа ақпараттық жүйелермен деректер алмасуды жолға қояды», деді ол.
Депутат атап өткендей, заң жобасы мұқият пысықталған: барлығы 110 түзету ұсынылып, жалпы 19 отырыста қаралды. Ал қорытынды салыстырмалы кесте 75 тармақтан тұрады.
«Ұсынылып отырған өзгерістер туризмді қолдауды сапалы әрі бақылауға болатын деңгейге көтереді. Ал балалар спортын қаржыландыру мен басқару тұрғысынан анағұрлым тұрақты етеді. Заң жобасын екінші оқылымда қолдап, оны Сенаттың қарауына жіберуді сұраймын», деп түйіндеді баяндамасын Н.Шаталов.