Қоғам • 29 Желтоқсан, 2025

Қырғызстан билігі экс-президент Атамбаевты мемлекеттік наградаларынан айырды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров сот үкіміне сәйкес бұрынғы мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевты бірқатар жоғары мемлекеттік наградадан айыру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім 2025 жылғы 3 маусымда Бішкектің Первомай аудандық соты шығарған үкімді орындау аясында қабылданған, деп жазады Egemen.kz.

Қырғызстан билігі экс-президент Атамбаевты мемлекеттік наградаларынан айырды

Фото: Данияр Жолдошбектің картинасы

Жарлыққа сәйкес Алмазбек Атамбаев «Қырғыз Республикасының Батыры» ең жоғары ерекшелік дәрежесінен, II дәрежелі «Манас» орденінен, «Данакер» орденінен және «Даңқ» медалінен айырылды. Сонымен қатар осы наградаларды беру туралы бұрын қабылданған бірқатар президенттік құжаттардың күші жойылды.

Атап айтқанда, 1999 жылғы 22 сәуірдегі «Даңқ» медаліне, 2007 жылғы 27 қарашадағы «Дәнекер» орденіне, 2011 жылғы 30 қарашадағы мемлекеттік наградалар туралы жарлықтың бір тармағына және 2017 жылғы 27 қарашада «Қырғыз Республикасының Батыры» атағын беру жөніндегі құжатқа қатысты шешімдер күшін жойды.

Жарлыққа сәйкес Бас прокуратура жанындағы сот орындаушылары қызметіне аталған наградалар мен оларды растайтын құжаттарды алып, мемлекеттік наградалар қорына өткізу тапсырылды. Құжат 29 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Бұған дейін Алмазбек Атамбаев сот үкімімен 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру жазасына кесілген еді. Ол Бішкек жылу электр орталығын жаңғырту кезінде заңсыз баю, 2019 жылғы 7–8 тамызда Қой-Таш ауылында болған жаппай тәртіпсіздіктер және жер телімдерін заңсыз алу айыптары бойынша кінәлі деп танылды.

Бұл іс бойынша бұрынғы Жогорку Кенеш депутаттары, президент аппаратының экс-басшысы Фарид Ниязов, Бішкектің бұрынғы әкімі Албек Ибраимов, ішкі істер министрлігінің экс-басшысы Абдылда Суранчиев және басқа да тұлғалар әртүрлі мерзімге сотталған. Сот процесі бес жылдан астам уақытқа созылған.

Соңғы жаңалықтар