Фото: Қорғаныс министрлігі
Жақсы нәтижелер
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов аталған комитеттің жұмысын оң бағалады. Ол Алматыда әскери-спорт колледжінің ашылуын, әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионатының өткізілуін, Ұлттық олимпиадалық комитетпен, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Дене шынықтыру және спорт орталығымен және Моңғолияның қоян-қолтық ұрыс қауымдастығымен меморандумдарға қол қойылуын атап өтті.
«Бүгін біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз. 2025 жылдың өзінде АОСК-ның спортшылары шамамен 500 медаль олжаласа, оның 234-і алтын, 140-ы күміс. Бұл – бапкерлер құрамының жоғары кәсібилігінің, дайындықтың сауатты ұйымдастырылуының және спортшыларымызға тән әскерде шыңдалған мінездің көрсеткіші» деді Д.Қосанов.
Марапаттау рәсімі
Жоғары спорттық жетістіктері үшін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа және Париждегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ислам Сәтпаевқа алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді.
«Ел қорғаны» ведомстволық медалімен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің бас жаттықтырушысы подполковник Мұрат Бижанов, таеквондодан әлем чемпионы Батырхан Төлеуғали, бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас және 600 шақырымдық ультрамарафонды еңсеріп, Қазақстан рекордын орнатқан сержант Рауан Әбілханов марапатталды.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісі қазақ күресі, таеквондо, кикбоксинг және самбодан әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Батырхан Қуандықовқа, Нұрдәулет Бақтыбайұлына, Нұржан Тумурзаевқа, Айдар Бескемпірге табысталды.
Спорт комитеті басшылығының шешімімен әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған үздік спортшылар ақшалай сыйақымен көтермеленді.

Құқық қорғау және күш құрылымдары арасында өткен самбо чемпионатындағы жеңісі үшін қатардағы жауынгер Санжар Нұрсейіт Қорғаныс министрі атынан грамотамен марапатталды. Сонымен қатар әскер спортын дамытуға белсенді атсалысып жүрген мемлекеттік органдардың, спорт федерацияларының, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.