Сұхбат • 27 Желтоқсан, 2025

Лаура САНСЫЗБАЕВА: Z ұрпақ көп нәрсеге жаңаша қарайды

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдай һәм технологияның дамуы әр ұрпақтың ұстанатын құндылықтары мен мінез-құлық ерекшеліктеріне айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, қазіргі жасанды интеллект пен нейрожүйелердің өркендеген шағында дүниеге келген жастардың бұрынғы буыннан өзгешелігі көп. Кейбір дағды не қарым-қабілет бір-бірінің бойынан табылмауы да заңдылық. Ұрпақтар арасындағы мұндай алшақтықты зерттеу қаншалықты маңызды? Осы төңірегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы талдау және коммуникация басқармасының сарапшысы Лаура САНСЫЗБАЕВАМЕН әңгімелестік.

Лаура САНСЫЗБАЕВА: Z ұрпақ көп нәрсеге жаңаша қарайды

– Кейінгі кезде маркетингтен бастап психологияға дейінгі бірқатар салада азаматтарды Z, X және Y ұрпақтары деп жиі бөліп қарастырады. Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

– Z ұрпақ алдыңғы Y және X буын өкілдері секілді отбасы, денсаулық, достықты жоғары бағалайды. Тек кейінгі біздің орталық жүргізген сауалнамалық зерттеулерде қазіргі жастар үшін материалдық тұрғысынан қамтамасыз етілген жайлы өмір үшінші орынға көтерілді. Яғни зумерлер (Z ұрпақ) материалдық жағдайды, қаржылық тәуелсіз­дікті ерте ойлайды. Бұл – жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен бәсекелестік заманында қалып­тасып отырған үрдіс.

Негізінен Х буын тәуекелге бара бермейтін, өте сабырлы, тө­зім­ді келеді, миллениалдар (Ү ұр­пақ) технологияға бейім, жоғары білім алуға ұмтылған ұрпақ болса, ал зумерлер – «цифрлық або­ригендер». Олар – толық онлайн әлемде өзара қарым-қаты­нас құрып, өс­кен алғашқы ұр­пақ. Интернет, әлеуметтік медиа және жасанды интеллект олар үшін табиғи ортаға айналып үлгерді. Сондықтан бас­қала­рына қарағанда, ақпаратқа қолже­тімділігі жоғары, аз ғана уақыт ішінде үлкен көлемдегі деректерді електен өткізіп, мәлі­метті жедел сараптай алады. Дү­ние­­танымы ашық, өзгерістерге бейім, еркіндіксүйгіш ұрпақ.

– Дегенмен, қоғамда кейде Z ұрпақтың еркіндікке ұмты­лы­сын жауапкершіліктен қашу деп қабылдайды. Бұған не дейсіз?

– Меніңше, зумерлердің еркін­дік пен өзіндік көзқарасқа ұмты­лысы – жауапкершіліктен қашу емес, жауапкершіліктің жаңа формасы. Олар үшін «жауап­кершілік» ұғымы – өз таңдауың мен шешімің үшін саналы түрде жауап беру деген сөз. Ал еркін­дік – ой-пікір, өмір стилі, жалпы таңдау еркіндігі. Z ұрпақ «өзін­дік болмыс» тек жеке таңдау емес, әлеуметтік қатысудың да құра­лы деп есептейді. Сондықтан көпшілігі қосымша білім алып, өзін жан-жақты дамытуға, сая­хаттап көкжиегін кеңейтуге ұмты­лады. Бұл да еркіндікке деген талпыныстан туындайды. Әри­не, сырт көзге олардың мінез-құлқы кейде импульсивті немесе «жүйеден тыс» көрінуі мүмкін. Бірақ халықаралық зерттеулер көрсеткендей, Z өкілдері арасында әділдік, қайырымдылық және ұжымдық жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы орында тұр. Сондықтан бұл буынның әрекеттерін түсіндіруде дәстүрлі өлшеммен емес, жаңа әлеуметтік және цифрлық контекстпен қараған жөн.

– Олардың экологиялық, әлеу­меттік әділдік мәселеле­рінде белсенді болуы шынайы ма, әлде бұл қандай да бір қоғам­дағы үрдіс пе?

– Байқасаңыз, бүгінде жастар білімді болуға, кәсіпкерлікпен айналысып, қоғамды ілгерілетуге өзінше үлес қосуға асық. Орталық жүргізген сауалнамаға иек артсақ, рес­понденттердің көпшілігі ерік­ті­лер қозғалысы (17,2%), жастар ұйым­дары/жобалары (15,5%), гу­­мани­тарлық/қайырымдылық ұйым­дарына (13,8%) жиі атсалысады. Тіпті бұрын қатыс­пағандары кә­сіпкерлікті дамыту (22,3%), волон­­терлік қозғалыстар (22,3%) және эко­логиялық ұйымдардың (21,8%) жо­баларына қызығаты­нын айтты.

Шынын айту керек, бұл құбылыстың екі жағы бар. Бірін­шісі, көптеген жас экология, тең құқық, әділдік мәселелеріне шынайы алаңдайды. Олардың бұл белсенділігі жеке тәжіри­бе мен болашаққа деген жауапкер­шіліктен туындап отыр. Соның әсері­нен волонтерлік бастамаларда, жергілікті экологиялық қозға­лыстарда, әлеуметтік жобаларда белсенді.

Екінші жағынан, әлеуметтік желі дәуірінде мұндай белсенділік кейде трендтік сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы, бір реттік хэштегтер немесе «символдық» посттар. Алайда зерттеулер көр­сет­кендей, уақыт өте келе бұл әрекеттердің едәуір бөлігі офлайн форматтағы, жүйелі белсенділікке ұласуда. Сондықтан мұны жай ғана сән емес, азаматтық сана эволюциясының белгісі деп қабылдаған дұрысырақ.

– Қазір өсіп келе жатқан жас буынды түсініп, жылы қарым-қатынас орнату ата-аналар үшін қиынға соғып отырғаны жасы­рын емес. Зумерлер неге жиі конфликтіге түседі?

– Ата-аналар мен жастар ара­сындағы құндылықтар қайшылығы – қоғамдағы әлеуметтік және мәдени өзгерістердің табиғи нә­ти­жесі. Егер ата-аналар буыны тұ­рақ­тылыққа, дәстүрге және ұжым­дық жауапкершілікке сүйе­ніп өссе, бүгінгі жастардың болмысы жаһандану дәуірінде тез өзгеретін ақпараттық кеңістікте қалыптасып келеді. Бұрын отбасы мен мектеп негізгі тәрбиелік инс­титуттар болса, қазір жастардың дүниетанымына интернет, әлеу­меттік желілер мен әлемдік мәдени ықпалдар күшті әсер етеді.

Дей тұрғанмен, жас буын мен ата-аналардың өмірдегі құн­ды­л­ықтары өзара ұқсас. Бірақ ұрпақтар арасында сол құнды­лықтарды іске асыру жолдары сәл өзгеше. Міне, осыдан конфликт туын­дайды. Алдыңғы ұрпақ «жақсы білім, тұрақты жұмыс, отбасын құру» формуласын ұстан десе, ал жастар «өмірде өз жолымды тауып, мүмкіндіктерімді сынап көремін» деген көзқараста әрекет етеді. Осы айырмашы­лық Z ұрпақтың жеке өмір мен отбасылық құндылықтарына деген көзқарасына да әсер етуде. Яғни олардың өмірлік басым­дықтары мен шешім қабылдау тәсілдері бұрынғы буыннан өзге­ше қалыптасып жатыр. Оның үстіне еңбек нарығының тұрақ­сыздығы, әлеуметтік кепіл­дік­тердің әлсіреуі жастарды не­ғұрлым тәуелсіз, бейім­делгіш және өзін-өзі жетіл­діруге итерме­лейді. Бұл – құнды­лық дағ­дары­сы емес, буындар арасын­дағы өмірлік тәжірибе мен қауіп­сіз­дік сезіміндегі айыр­машы­лық­тың көрінісі. Биылғы зерттеу­лерімізден түсінгеніміз, бір жағынан, дәстүрлі құндылықтар сақталып отыр, екінші жағы­нан, құндылықтарды жаңа көз­қараспен қабылдау бар.

– Осындай ерекшеліктерді ескерсек, қалай ойлайсыз, ұр­пақ­тарға бөлініс қоғамның әлеу­меттік құрылымына әсер етіп отыр ма?

– Қоғамды ұрпақтарға бөліп қарау түбегейлі өзгеріс әкелмейді. Нақтыласам, елімізде буындар арасындағы айырмашылық көбіне мәдениет пен өмір салтынан ғана көрінеді. Мысалы, аға буын дәстүрлі көзқарастар мен тұрақ­ты еңбекке бейім болса, жаңа буын Z ұрпақ цифрлық технологияларды жетік меңгерген және жаһан­дық ойлауға жақын келеді. Деген­мен бұл ерекшеліктер таптық құ­­ры­­лымға, билік пен меншік қаты­настарына айтарлықтай әсер етпейді. Яғни ұрпақтарға бөліну әлеуметтік құрылымды түбегейлі өзгертпейді. Бірақ әлеуметтік үдерістерді сараптауда маңызды рөл атқарады.

– Ал бүгінде жастар неге отбасын құруға асықпайды?

– Бұл – кейінгі кездері жиі талқыланып жүрген сұрақтардың бірі. Некеге кеш тұруға әсер ететін негізгі факторлар – бірнешеу. Ең алдымен, жастардың басым бөлігі білім мен мансапқа басымдық береді. Олар өздерін кәсіби тұрғыда дамытып, тұрақ­ты табыс пен қаржылық тәуелсіз­дікке қол жеткізгісі келеді. Яғни өмірде өз орнын табуға, болаша­ғын жоспарлауға тырысады. Тұрақ­ты табысы, баспанасы немесе жинақталған қаражаты болмаса, көпшілігі отбасын құруға асықпайды. Бұл құбылысты кейде «дәстүрден алшақтау» деп қабылдайтындар да бар, бірақ шын мәнінде, бұл – жастардың саналы әрі жоспарлы өмір сүруге ұмтылысының белгісі. Олар отбасы институтын жеңіл шешім емес, жауапкершілігі жоғары таңдау деп қарайды.

Дегенмен біздің рухани тамырымыз бен ұлттық кодымыз салт-дәстүрде жатыр. Сондықтан ұрпақтар арасындағы диалогті күшейтудің ең тиімді жолы – ортақ тәжірибе алаңдарын құру. Мұндай ортада әр буынның құндылықтары тоғысып, өзара түсіністік пен байланыс нығаяды. Мысалы, дәстүрлі элементтер мен заманауи форматты ұштастырған мәдени фестивальдар, жастар мен аға буын бірігіп жұмыс істейтін шығармашылық жобалар көбірек қажет-ақ. Подкасттар, естелік жобалары немесе отбасылық тарих­қа арналған контент ұрпақтар арасындағы диалогті күшейтеді, кез келген салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың мәнін жаңа қырынан ашады. Бастысы – мұндай мәдени және әлеуметтік үндестік болашақ ұрпақтың дүниетанымын да қалып­тастыра­ды. Сондық­тан бүгінгі Z ұрпақтың құндылықтарын түсіну – ертеңгі буынының әлеуетін дұрыс бағыттауға негіз болады.

– Енді биылдан бастап өмірге бета ұрпақ келіп жатыр. Осы жастар толқынын ел дамуының нақты күшіне айналдыру үшін не істеу қажет?

– Елде біртіндеп жастар саяса­тының жаңа кезеңі басталды. Мұны гранттық бағдарламалар, волонтерлік қозғалыстар мен жас­тар практикасы сияқты бас­тамалардан байқауға болады. Бұл жаңа ұрпақтың құндылықта­рын ескеретін саясат болуға тиіс. Алайда әлеует толық деңгейде іске асырылып жатқан жоқ. Негізгі мәселе – жобалардың жүйелілік пен тұрақтылық деңгейі.

Жастардың энергиясы мен шығармашылығын пайдалану үшін аймақтарда инновациялық және креативті ортаны әлі де дамыту қажет. Хабтар мен инкуба­торлар білім, кәсіпкерлік пен әлеуметтік жобаларды тоғыс­тыратын тірек нүктесіне айналу­ға тиіс. Сонымен қатар жастар сая­сатының өзегі ретінде қатар ой­лау және бірге жасау (co-design) қағидатын енгізу маңыз­ды. Мемлекеттік шешімдер жас­тар­дың қатысуынсыз қабылдан­бауы керек. Егер біз осылай жүйелі бағытта жұмыс істесек, база қалыптастырсақ, кез келген ұрпақтың әлеуеті елдің әлеумет­тік, экономикалық және саяси дамуының басты қозғаушы күшіне айналары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар