Кейінгі жылдары мұнайлы шаһарда жаңадан Өркен, Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Көктем, Қайнар, Байтақ, Самал секілді жаңа шағын аудандар бой көтерді. Сондай-ақ бұрын Махамбет ауданының әкімшілік бөлінісінде болған Береке, Алмалы ауылдары шаһар маңындағы елді мекендер құрамына қосылды.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің дерегіне қарағанда, тағы да жеті жаңа елді мекеннің жоспары жасақталып жатыр. Жаңадан бой көтеретін ауылдарда 7 мың 84 жер телімі инфрақұрылым жобасымен қамтылады.
«Самал шағын ауданында 172 жер теліміне арналған инженерлік желілердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. 2024–2025 жылдары кезекке тұрған 611 адамға Қайнар шағын ауданынан жер телімдері берілді», деп хабарлады Серік Шәпкенов.