Спорт • 26 Желтоқсан, 2025

«Namys» спорттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жылдың үздіктерін марапаттады. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шарада 2025 жылғы спорт саласындағы негізгі бағыттарды қамтитын 14 номинация бойынша «Namys» спорт сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Namys» спорттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды

Шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан болды.

«Елордада тұрақты түрде спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 42%-ға жетті. Тек 2025 жылдың өзінде жеке демеушілердің есебінен Sana Sport, QazSwimAcademy, Kodokan Spirit, Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және Ozen Fitness спорт академиясы пайдалануға берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Aulafit», «Funny Sport» жобалары жүзеге асырылуда. Ал кәсіби спортта елордалық спортшылар 1400-ден астам жарысқа қатысып, 5 мыңға жуық медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, спортшыларымыз 2026 жылы Милан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алып, қарқынды дайындалып жатыр. Ұлттық спорт бағытына да мән беріліп, 2026 жылы жаңа спорт мектебін ашу жоспарланып отыр», деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан.

Кеш барысында эстрада әншілері  өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Жылдың үздік спортшысы атағы екі дүркін әлем чемпионы боксшы Санжар Тәшкенбайға бұйырды. Жылдың үздік жаттықтырушысы номинациясы Меруерт Балғынбаеваға берілді. Ол биыл жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионын және топтық жаттығудан Азия чемпионын даярлады. Жыл серпіні  марапаты Ақмарал Ерекешеваға бұйырды. Маусым айында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Болгариядағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи алтын медальді жеңіп алды. Жыл серпіні (пара спортшы)  атанған Әли Тұрғанбеков те биылғы жылды табысты аяқтады. Желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында жүзуден сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс медальді олжалады. Үздік пара спортшы атағына Никита Ермаков лайық деп танылды. Қыркүйек айында пара армрестлингтен өткен әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ пара нысана көздеуден қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлем кубогінде қола медальді еншіледі. Паралимпиадалық спорттың үздік жаттықтырушысы аталымында жеңімпаз болған Михаил Бурчалин пара спортшы Никита Ермаков пен Париж Паралимпиадасының қатысушысы Севда Алиеваны жаттықтырады. Пара нысана көздеуден Астана қаласының дамуына үлес қосып жүр.

э

Ұлттық спорт түрлерінен үздік жаттықтырушы  атағын алған Нұржан Қонарбаев 2025 жылы тоғызқұмалақтан Азия чемпионы мен әлем кубогінің жеңімпаздарын баптады. Оның жетекшілігімен 10 Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі 4 спорт шебері даярланды. Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы аталымында үздік шыққан Сағындық Әшім Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогінің жеңімпазы.

Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден №10 мамандандырылған спорт мектебінің хоккей командасы Жылдың үздік командасы деп танылды. Шайбалы хоккейден Jastar hokei lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» клубы топ жарды. Үздік спорттық нысан – «Ozen Fitness» кешенінде су спорты түрлерінен Қазақстандағы бірінші спорт академиясы. Қазіргі сәтте 850 бала жаттығады. Осы спорт кешенінде ұлттық және жастар құрамасының мүшелері әзірлік жүргізеді. Үздік қалалық спорт федерациясы аталымында  Гимнастика түрлері бойынша Астана қаласының федерациясы танылды. 

2025 жылы спорттық, көркем және батуттық гимнастикадан ел ішінде және халықаралық жарыстарда көптеген медальдарды жеңіп алды. Ұлттық құраманың көптеген спортшылары осы жерде жаттығады. Жылдың үздік спорттық ұйымы номинациясы  Астана қаласы әкімдігінің Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубына бұйырды. Аталған спорт клубы бүгінгі таңда төрт бағыт бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Клуб құрамында тірек-қимыл аппараты зақымдалған, есту және көру қабілеті төмен, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар бар. 2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 587 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7-нші Пара Спартакиадасында 17 спорт түрінен жалпы командалық есепте 1-орын иеленді. Үздік спорттық телеарна – «QAZSPORT» теларнасы, Үздік спорттық портал – Elordainfo.kz ақпараттық порталына берілді.

Жеңімпаздар арнайы естелік сыйлықтары мен мақтау қағазына ие болды.

Соңғы жаңалықтар