Фото: egemen.kz/Ерлан Омар
Педагогтердің құқын бұзу фактілерінің басым бөлігі заң қабылданған алғашқы жылдары тіркелген. Мысалы 2020–2022 жылдары 111 бұзушылық дерегі ресми түрде тіркелсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 38-ге дейін азайған.
«Бұл көрсеткіш «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарының нақты іске асырылып жатқанын айқындайды. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында комитет және оның аумақтық департаменттері прокуратура органдарымен бірлесе отырып нақты фактілерге жедел әрекет ететін болады», деді Серік Әшіров.
Министрліктің мәліметінше, саладағы заң бұзушылықтардың басым бөлігі педагогтерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту, олардың ар-намысына тию, концерт билеттерін сатып алуға немесе түрлі іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу сипатында өрбиді.
Сондай-ақ педагогке құрметсіздік таныту, оның ішінде әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ар-намысына нұқсан келтіру деректері бойынша оқушылардың ата-аналарына қатысты 12 әкімшілік іс қозғалған.
Еске салайық, «Педагог мәртебесі туралы» заңға 2019 жылдың 27 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Egemen Qazaqstan» газетінің 4 қазанында жарияланған санындағы «Жаңа дәуір педагогі – қоғамның басты айнасы» мақаласында елімізде мұғалімдердің құқын қорғау мәселесі назардан тыс қалмайтынын атап өткен болатын.