Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Әңгіме әдеттегідей басталады, бірақ түбінде қалта қағылады, жеке деректер ұрланады. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі (ҚНДРА) осылай деп дабыл қағып отыр.
«Алдымен алаяқтардың басты амалына тоқталайық. Олар WhatsApp немесе SMS арқылы «Мектепте міндетті ата-ана бақылауы енгізілді», «Балаңыздың аккаунтына қауіп төніп тұр», «Ішкі істер министрлігінен келген нұсқаулық» секілді хабарламалар жібереді. Бір қарасаң, рас секілді. Мазмұны да ресми тілге ұқсайды. Кейде тіпті балаларға тікелей хабарласып, өздерін мұғалім ретінде таныстырып: «Электронды күнделік жаңаруда, SMS кодын айта сал» дейді. Кодты айтқан сәтте-ақ баланың ата-анасының eGov-ы да, банк шоты да сол алаяқтың қолына өтеді», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаменті директорының орынбасары Мениса Хуснутдинова.
Алаяқтардың келесі тәсілі – баланың телефонын қорғау керек деген жалған қамқорлық. Олар ата-анаға сілтеме жібереді де «Мына модульді орнатсаңыз, балаңыздың қауіпсіздігі күшейеді» дейді. Ал ата-ана сілтемеге басқан кезде ресми дүкенге емес, жалған сайтқа тап болады. Сол жерде жеке деректерін енгізіп қояды. Кейде сілтеме зиянды бағдарлама жүктеп, телефонға кіріп алады. Содан кейін банк қосымшасы, төлем картасы, тіпті цифрлық құжаттың барлығы алаяқтың қолына өтеді.
Тағы бір айла – баласы арқылы қорқыту. «Балаңыздың телефонына вирус кірді», «Қауіпсіздік үшін шұғыл жаңарту қажет» деп хабар жібереді. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана ойлануға мұршасы болмай, бірден сілтемеге өтеді. Сол сәтте телефон толықтай алаяқтың бақылауына өтеді.
Ең сорақысы – балалардың аккаунтын бұзып алып, сыныптастарына хабар жазатын алаяқтар. «Әкем ата-ана бақылауын қосып жатыр, SMS код керек болып тұр» дейді. Балалар сенгіш, көмектесу үшін код жібереді. Одан кейін олардың ата-анасының банк шоты да, құпия сөзі де алаяққа оңай түседі.
«Егер біреу сізден шұғыл түрде код сұраса, белгісіз сілтеме жіберсе, тіпті «баланың қауіпсіздігіне байланысты» деп үгіттесе де, сенбеңіз. Бұл – алаяқтық. Ешбір мұғалім, ешбір мемлекеттік орган ата-анадан карта нөмірін, SMS кодын, логин-пароль сұрамайды. Қорықпаңыз, асықпаңыз, алдымен тексеріп алыңыз», деп кеңес берді М.Хуснутдинова.