Басылым • Бүгін, 08:30

Халық батыры хақындағы жаңа кітап

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы күні қарсаңында Алматының «Мирас» баспасынан шыққан «Бауыржантанудың тұнығы мен тұңғиығы» атты шағын жинақ оқырман қолына тиді. Кітаптағы эссе де, естелік те, көлемді сұхбаттар да соңғы 10 жыл көлемінде «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген дүниелер.

Халық батыры хақындағы жаңа кітап

«Бостандық аралы бас иген Батыр» атты эсседе КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті Сыртқы-құпия барлау комитетінің ардагер-полковнигі Александр Пепелев баяндаған бұған дейін тарихи құжаттарда  тіркелмеген қызықты деректерге тап боласыз.

– Мен сол кезде атқарып жүрген әскери құпиялық қызметіме сәйкес Мәскеуден Гаванаға аттанатын кеңестік делегацияның құрамына кәсіпорын­ның қатардағы инженері (Новосібір) санатында енгізілдім. Атқаратын мін­детім  айқын, ол – Бауыржан... – дейді қарт агент-полковник. – Бауыржан Момыш­ұлын кубалықтар әуежайда тай­лы-таяғы қалмай тік тұрып, ерекше қошеметпен қарсы алды. Кеңестік деле­гацияның құрамында КСРО-ға танымал кісілер көп. Бірақ азаттық аралы жұртының Момышұлына деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Гагаринге ғана осындай құрмет көрсетілген. Ерекше салтанатпен он күннің өткенін білмей қалыппыз. Кубаның әскери­лері елдің қорғаныс министрі Рауль Кастро бас болып, даңқты қолбасшының Бостан­дық аралында тағы да 20 күнге алып қалып, дәрісін тыңдау жөнінде мәселе көтерді. Халықаралық дипломатия­лық хаттама бұзылмауға тиіс, «елге қайтамыз» деп оған алғашында мән бермегенбіз.

КСРО мен АҚШ арасындағы Куба­ға қа­тысты 1962 жылғы қазандағы «Кариб дағдарысына» жыл толған. «Бақы­лауымдағы» Момышұлын сондай әлем­дік дағдарыс тұрақтанбай жатқанда шетелде қалдырып, делегациямен елге қайттым. Мәскеудегі комитеттегілер маған шүйлігіп қатты «қиғылық» салды. Менің қолымнан не келеді: Хрущев пен Фидель Кастро солай шешіпті. Кейін естігенім, Момышұлы: «20 күн қала алмаймын, он күн қоссаңыздар жетеді, аяқталмай қалған дәрісімді оқып, тәжірибемді командирлермен бөлі­сіп үлгеремін» деп табандап тұрып алыпты, кубалықтар көніпті.

Құпия-барлаушы полковник Пепе­лев өзі қатысқан, ұлт батыры Бауыр­жан Момышұлының Куба сапары оқиғаларын осылай түйіндейді.

Бауыржан Момышұлы 1963 жылы «Бостандық аралына» аяқ басқанда 53-те, Фидель Кастро – 37-де, Че Гевара – 35-те, Рауль Кастро 33 жаста екен. Даңқты әскери қолбасшыдан дәріс тыңдап, нағыз соғыс тактикасына қанығып, қана­ғат­­танған кубалық әскерилер сол жолы Кеңестің атақты коронелін (полков­нигін) – Бауыржан Момышұлын  Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 53-дивизиясына құрметті командир етіп сайлайды...

Кітапта аты аңызға айналған Халық батырының бейбіт қоғамдағы, сұрапыл соғыстағы, жеке өміріндегі оқырманға бұған дейін беймәлім болып келген алуан-алуан өте қызықты тың деректер баршылық.

Айтпақшы, кітаптың аңдатпасы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың «Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қа­шанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіліктің символы болып саналады... Біз ұлтымыздың айбыны мен айбарын асқақтатқан Қаһарманның рухына тағзым етіп, есімін ел жадында мәңгі сақтауымыз керек. Бұл – бүгінгі буынның да, болашақ ұрпақтың да  перзенттік борышы» деген алғысөзімен басталады.

Кітап авторы «Egemen Qazaqstan» газе­тінің ардагер-журналисі Талғат Сүйін­бай, редакторы – «егемендік» ардагер, жа­зушы-журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы.

Соңғы жаңалықтар