Облыс көлемінде жұмыспен қамтуды үйлестіру, аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыс қолға алынған. Алдымен әлеуметтік саясатта адам капиталының маңыздылығы зор екендігін айта кетуге тиіспіз. Дарқан даланың даналығын бойына сіңірген арыдағы жұрт «Қарты бардың қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Тәрбие төркіні де өмірден көргені, түйгені көп қариялардың көкірегінде. Жас толқын алдыңғы буын ағалардың ғибратты ғұмырын өміршең өнеге ретінде пайдаланса құба-құп. Сол тұрғыда екі буынның арасында жанды байланыс орнатқан ләзім. Бүгінгі ат жалын тартып мінген жастар еліне еңбегі сіңген ардагерлердің маңдай терін сыйлап, құрмет көрсетсе қоғамды ізгілендіретін де осы ықылас. Адамгершілікке негізделген ізгі қасиеттер тереңге тамыр жайсын десек, жастарды қарттарды сыйлауға, оларға жан-жақты қамқорлық көрсетуге тәрбиелеудің маңызы зор.
Өңірде жыл сайын қазан айында Қарттарды қолдау айлығы өткізіліп, ауқымды шаралар ұтымды үйлестіріледі. Биыл айлық барысында 2400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған орташа есеппен алғанда 54 мың адам қатысты. Бір мезеттік шара болса да қариялар өздерін елеп-ескеріп, жанды қамқорлық көрсеткен жастарға дән риза болып, бір жадырап қалды. Концерттік бағдарламалар мен мазмұнды кездесулерден бастап, медициналық тексерулердің әсері мол болды. Қарт адамдарға коммуналдық-тұрмыстық мәселелерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 910 миллион теңге қаражат бөлініп, облыстың 35 мың зейнеткеріне бір реттік көмек, 1200 адамға санаторийлық-курорттық емделуге жолдама берілді. Көкшетау қаласының 31 мың зейнеткерінің қоғамдық көлікте тегін жүруі қамтамасыз етіліп, 322 тұрғынға отын-көмір алуға көмек көрсетілді.

– Президент Жолдауында нақты көрсетілгеніндей, әлеуметтік қолдау тек бюджет есебінен ғана емес, белсенді, жанашыр азаматтардың қатысуымен жүзеге асқанда ғана нәтижелі болады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина. – Бұл ретте кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың 122 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетуі өңірде әлеуметтік жауапкершілікті түсіне білетін адамдар қатары аз еместігін айғақтайды. Соның арқасында әлеуметтік қолдаумен қамтылғандар саны жыл сайын көбейіп келеді. Әлеуметтік саясаттың басты ұстанымы – әлеуметтік қолдаудың әділдігі мен қолжетімділігі. Бүгінде 81 мыңға жуық азамат мемлекеттік қолдаумен қамтылып отыр. Сонымен қатар 46 әлеуметтік мекемеде 1300 адам тұрақты түрде қолдау-көмек алады. Облыстағы жалғыз соғыс ардагері Нұрғасым Әжітаев пен 1 216 тыл ардагеріне ерекше қамқорлық көрсетілді.
Облыс көлемінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, өмір сүру сапасын жақсарту барысында нақты қадамдар жасалып жатыр. Өңірде 29 мыңнан астам азамат осындай санатқа жатады. Олардың 13 мыңына оңалту құралдары мен әрқилы қызметтер ұсынылған. Мәселен, «Инватакси» қызметі 9 аудан мен қалада қолжетімді, биыл 32 мың адамға тасымал қызметі көрсетілді. Мүгедектер күніне орай 300 млн теңгеден астам бір жолғы төлем жасалды.
Облыс аумағындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының жұмысы инклюзивті қызмет көрсетудің маңызды буыны. Бұл орталықтар қарым-қатынас, спорт, шығармашылық арқылы әлеуметтік бейімделудің тиімді алаңына айналған.
Өңірде жыл басынан бері 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға қысқарды. «Күміс жас», «Жастар практикасы» сынды бағдарламалардың нәтижесі айқын байқалып отыр. Осы бағдарламалар аясында көптеген тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, жас мамандар қажетті тәжірибе жинақтайды. Мұның өзі көп-көрім көмек. Мемлекет тарапынан субсидияланатын қоғамдық жұмыстар 2,4 мың адамның жұмыспен қамтылуына сеп болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын кәсіпкерлікке гранттар беру жалғасып келеді. Биыл бизнес идеяларды қолдауға 175 грант беріліп, кәсіпкерлер 267,8 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Бұл жұмыс істеймін деп алға ұмтылғандардың өз ісін бастауына мүмкіндік беріп, алдарынан кең жол ашады.
Өңірде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау форматын заман талабына сай жетілдіру тұрғысында да айта қаларлықтай тың серпіліс бар. Жыл басынан бері барлығы 1475 отбасына 709,7 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт аясында 115 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 539 көпбалалы отбасы мен 2138 бала түрлі әлеуметтік төлемдермен қамтылды.
Президент Жолдауында мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, цифрландыру, әлеуметтік көмектің дәлдігі басты назарға алынған. Алдағы жылдың жоспары осы бағыттарды толық қамтып, ілкімділіктің мейлінше нәтижелі болуын көздейді. Атап айтқанда, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, бизнес бастамаларды қолдау, әлеуметтік қызметтерді толық цифрландыру күн тәртібіндегі мәселелер.
– Бұл аталған жұмыс тәсілдерінің барлығы дерлік әлеуметтік қолдауды неғұрлым мақсатты, әділ етуге мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы Ш.Рахматуллина.
Қарттарды қолдау, инклюзивті қоғам қалыптастыру, көпбалалы отбасыларды демеу, сондай-ақ қолынан іс келетін азаматтардың кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік тудыру әлеуметтік саясаттың өзегі. Осы міндеттер нақты орындалып, ел ішіндегі бірлік-береке артса, көкіректердегі сенім де нығая түседі.
Ақмола облысы