Спорт • Бүгін, 08:00

Әбиба көш бастап тұр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дзюдошылардың әлемдік рейтингі жаңартылды. Бір қуаныштысы, Әбиба Әбужақынова биылғы жылдың қорытындысы бойынша 48 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген балуандар арасынан ең үздік деп танылды.

Әбиба көш бастап тұр

Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында екі қола, құрлық бірін­шілігінде екі күміс, Азия ойындарында бір күміс жүлдені иеленген Ә.Әбужақынованың биылғы дүниежүзілік додада алтыннан алқа тағуға тамаша мүмкіндігі болды. Бу­дапешттегі бәсекеде финалға дейін барлық қарсыласын сыпыра ұтқан ол шешуші тұста Италияның мықтысы Ассунта Скуттоға есе жіберді. Нә­ти­жесінде, күміс медальды қа­нағат тұтты. Соған қарамастан жыл қорытындысында Әбиба IJF рей­тингіде теңдессіз деп танылды.

Дәл осы салмақ дәрежесінде одан кейінгі орындарды Тара Бабулфат (Швеция), Сабина Гилиязова (Ресей), Ширин Букли (Франция), Ассунта Скутто (Италия), Вакана Кога (Жапония), Лаура Мартинес Абеленда (Испания), Наранцецег Ганбаатар (Моңғолия), Мария Селия Лаборд (АҚШ), Синьрань Хуэй (Қытай) сынды атақты балуандар иеленді.

Еліміздің дзюдошы жігіт­тері арасында ең жақсы нәтиже Ғұсман Қырғызбаев пен Абы­лайхан Жұбаназарға тиесілі. Екеуі де 14-орында. 66 кг салмақта күш сынасып жүрген Ғұсман 2021 жылғы әлем чемпионатында финалға дейін жетсе, 2024 жылы Париж Олимпиадасында үшінші орынға табан тіреді. 81 кг салмақта сайысқа түсетін Абылайхан 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Кейінгі кездері бозкілемге шықпай жүр­ген Елдос Сметов 20-орынды қанағат тұтып тұр. Аса же­ңіл салмақта кү­ре­сетін даңқты дзю­дошымыздың қор­жынында Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығы бар. Атап айтсақ, ол 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2021 жылы Токиода қола, 2024 жылы Па­рижде алтын алды. Одан бөлек, Елдостың әлем чемпионы, сол жарыстың екі дүркін қола жүл­дегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар.

Соңғы жаңалықтар