Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша 260-қа жуық стоматологиялық клиника тексерілген. Нәтижесінде:
- Медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзғаны үшін 54 млн теңге айыппұл салынды;
- Жамбыл облысында 10 клиниканың жұмысы сот арқылы тоқтатылды;
- Алматы қаласы мен Алматы облысында да бірқатар емхананың қызметіне тыйым салынды.
Министрлік өкілі қайғылы оқиғаға себеп болған «Севоран» препаратын қолдану ережелері қайта қаралмайтынын қадап айтты. Вице-министрдің сөзінше, бұл препарат 2007 жылдан бері қолданыста және әлемдік деңгейде қауіпсіз деп танылған.
«Хаттамада барлық сақтық шаралары жазылған, сондықтан оны өзгертпейміз», деді Т.Сұлтанғазиев.
Бұған дейін министр Ақмарал Әлназарова Астанадағы стоматологиялық клиникада наркоздан кейін көз жұмған үш жасар қызға қатысты жағдай бойынша севофлуран (севоран) препаратының қолданылуына
тыйым салу мәселесіне түсінік берген еді.