Қоғам • 25 Желтоқсан, 2025

Ұлттық ұланда Бауыржан есімді 249 әскери қызметші бар

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл. Қазір Ұлттық ұлан қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл есім еліміздің тарихында да, әскери дәстүрде де ерліктің, ар-намыстың, сондай-ақ Отанға қалтқысыз қызмет етудің нышанына айналған.

Ұлттық ұланда Бауыржан есімді 249 әскери қызметші бар

Бауыржан есімі еліміздің Қарулы күштерінде айрықша орын алады. Бұл, ең алдымен, аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының өмір жолымен тікелей байланысты. Оның тағылымға толы ғұмыры мен майдандағы тәжірибесі Отан қорғаушылардың талай буынына рухани бағдар болды. Ал тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштікке негізделген қағидаттары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Жеке құрам үшін бұл зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар әскери-қызметтік міндеттерді орындау барысында кәсібилік, табандылық пен адалдық танытып, ұлы батырдың атына лайық болу қажеттігін еске салатын жоғары жауапкершілік.

«Бауыржан Момышұлы мен үшін ерлік пен тәртіптің, шынайы патриотизмнің жарқын бейнесі. Оның есімі маған ерекше жауапкершілік жүктейді. Бұл мені аңызға айналған батырдың даңқты жолын лайықты жалғастыруға міндеттейді. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой. Негізгі мақсатым – әскери антқа адал болып, еліміздің азаматтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», дейді 5517 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы қатардағы Бауыржан Төлемағамет.

Аты аңызға айналған қолбасшының туғанына 115 жыл толуына орай Ұлттық ұлан бөлімшелерінде әскери-патриоттық рухты нығайтуға, тарихи жадты сақтауға, жас әскери қызметшілер арасында қаһарманның өнегесін кеңінен насихаттауға бағытталған еске алу, тәрбиелік, ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазір Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» мен «Ұшқан ұя» еңбектері құқықтық тәртіп әскерлеріндегі мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік даярлықтың рухани-тәжірибелік негізіне айналды. Ал Ұлттық ұлан сапында Бауыржан есімді жүздеген ұландықтың қызмет етуі – әскери дәстүрлердің сабақтастығы мен қазақ халқының жауынгерлік даңқы тарихында мәңгілік орын алған тұлға мұрасының айқын белгісі ретінде қабылданады.

Соңғы жаңалықтар

Астанаға апаратын автобус

Қоғам • Бүгін, 10:55

Жігіттер жарап тұр

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 10:45

Үздік балуандар анықталды

Күрес • Бүгін, 10:40