Қоғам • 25 Желтоқсан, 2025

Ұжымдық тұзақ: TikTok пен Instagram-нан неге шыға алмай жүрміз?

110 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында әдеттегідей «жаңа өмір бастаймын» деп серт беретіндер көбейеді. Соның ішінде ең танымал уәде – әлеуметтік желіні азайту. Бір сәтке кідіріп, «осының бәрі маған не беріп жүр?» деп ойланған адам аз. Ал ойланып көргендердің көбі ішінен: «Пайдасынан зияны басым-ау» деп түйетіні жасырын емес. Алайда бұл платформалар адамның субъективті әл-ауқатына нақты қандай әсер етеді деген сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Осы мәселені зерттеу мақсатында Л. Бурштын, Б. Хандель, Р. Хименес-Дуран және К. Рот әлеуметтік желілерді қолданудың пайдасы мен зиянын бағалауға бағытталған эксперимент жүргізді. Белсенді қолданушылардың едәуір бөлігі әлеуметтік желілерді өз өмірі үшін теріс құбылыс деп бағалай отырып, соған қарамастан, олардан қол үзбейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұжымдық тұзақ: TikTok пен Instagram-нан неге шыға алмай жүрміз?

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілерді тұтынудың негізгі тетіктері

Зерттеуде әлеуметтік желілерді қолдану бір мезетте бірнеше, бір-біріне қарама-қарсы әсерлерді тудыратыны көрсетіледі. Алдымен, оң желілік әсер (network effect) қарастырылады. Бұл әсерге сәйкес, адам белгілі бір өнімді немесе қызметті қолданудан пайда көреді және бұл пайда оны қолданатын адамдардың саны артқан сайын ұлғаяды. Әлеуметтік желіге неғұрлым көп адам қосылса, өзара байланыс ауқымы кеңейіп, әрбір қатысушы үшін оның әлеуетті құндылығы артады.

Бұл құбылысты ұжымдық іс-шаралармен салыстыруға болады: адамдармен бірге концертке бару немесе ортақ дастарқан басында жиналу жеке өткізілген уақытқа қарағанда көбірек қанағат әкеледі. Әлеуметтік желілердегі өзара әрекет те осы логикаға негізделген.

Әлеуметтік желілердің теріс салдары

Оң әсермен қатар, әлеуметтік желілердің жалпы пайдасын төмендететін теріс әсерлер де бар. Бұл мәселеге арналған бұрынғы зерттеулерде (Allcott et al., 2020; Braghieri, Levy, and Makarin, 2022) әлеуметтік желілерді белсенді қолдану студенттердің субъективті әл-ауқатына және психикалық денсаулығына кері әсер ететіні көрсетілген. Бұл өз кезегінде академиялық үлгерімнің төмендеуіне алып келуі мүмкін.

Теріс әсерлердің ықтимал механизмдерінің бірі – қолайсыз әлеуметтік салыстыру. Әлеуметтік желілерде адамдар өз өмірін өзгелердің идеал бейнелерімен салыстырады. Сонымен қатар кең таралған тағы бір теріс әсер – уақытты кейінге қалдыру, яғни прокрастинация.

Зерттеудің негізгі жаңалығы – әлеуметтік желілерді қолданбайтын адамдар үшін туындайтын теріс сыртқы әсерлерді (экстерналияларды) ескеруі. Егер белгілі бір платформа адамның әлеуметтік ортасында негізгі байланыс құралына айналса, одан бас тарту субъективті пайданың айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Зерттеушілердің тұжырымы бойынша, бұл экстерналиялар ең алдымен әлеуметтік оқшаулану қаупі мен маңызды ақпаратты немесе оқиғаларды өткізіп алу қорқынышынан көрініс табады. Яғни адам әлеуметтік желіні пайдаланбаса да, оның айналасындағы адамдар пайдаланған жағдайда, ол жанама түрде теріс әсерге ұшырайды.

Оң және теріс әсерлер бір мезетте әрекет етеді және бірін-бірі теңгеруі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желілердің жиынтық пайдасы әр адам үшін әртүрлі. Алайда зерттеу барысында жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, көптеген респонденттер үшін бұл баланс теріс болып шыққан. Нақты айтқанда, TikTok қолданушыларының 33%-ы және Instagram қолданушыларының 57%-ы бұл платформалар мүлде жоқ әлемде өмір сүргенді жөн көретінін білдірген.

Биыл Қазақстан TikTok платформасында нағыз трендсеттерге айналды

Неліктен қолданушылар желіден бас тартпайды?

Бұл жағдайда заңды сұрақ туындайды: егер әлеуметтік желілердің әсері теріс деп бағаланса, неге адамдар оларды пайдалануды жалғастыра береді? Респонденттердің жауаптары бұл сұраққа нақты түсінік береді.

TikTok қолданушыларының 40%-ы және Instagram қолданушыларының 76%-ы негізгі себеп ретінде «маңызды нәрседен құр қалып қою» қорқынышын атаған. Бұл теріс сыртқы әсерлердің негізгі көрінісі. Екінші маңызды себеп – платформалардың ойын-сауықтық құндылығы. Қатысушылардың бір бөлігі әлеуметтік желілерді бос уақытты өткізу құралы ретінде қарастыратынын айтқан.

Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу енгізілуі мүмкін

Эксперимент АҚШ-тағы түрлі колледждерде оқитын мыңнан астам студенттің қатысуымен жүргізілді. Студенттер бірнеше себеп бойынша таңдалған. Біріншіден, олар әлеуметтік желілердің ең белсенді қолданушыларының қатарына жатады. Екіншіден, алдыңғы зерттеулерде әлеуметтік желілерді қолдану студенттер арасындағы депрессивті жағдайлардың өсуімен байланысты екені көрсетілген. Үшіншіден, студенттердің әлеуметтік ортасының елеулі бөлігін колледж ішіндегі байланыстар құрайды.

Зерттеу нысаны ретінде TikTok пен Instagram таңдалған, себебі бұл платформалар субъективті әл-ауқатқа әсері тұрғысынан ең көп талқыланатын желілердің қатарында.

Эксперименттің мақсаты – студенттердің әлеуметтік желілерден төрт аптаға бас тарту үшін қандай өтемақыға келісетінін әртүрлі жағдайларда анықтау болды. Қатысушылардың тапсырманы орындауын қамтамасыз ету үшін аккаунттар тексеріліп, қолдану статистикасының скриншоттары талап етілді.

Үш кезеңнен тұратын бағалау

Алғашқы кезеңде студенттерден егер өзгелер әлеуметтік желіні қолдана беретін болса, өздері одан бас тарту үшін қандай өтемақы қажет екенін сұрады. Нәтижесінде, орта есеппен TikTok үшін 55 доллар, Instagram үшін 47 доллар талап етілді.

Екінші кезеңде жағдай өзгертілді: егер колледждегі өзге студенттер де қатарынан аккаунттарын өшіретін болса, қатысушылар қандай өтемақыға келісетінін көрсетті. Бұл жағдайда орташа сома TikTok үшін 39 долларды, Instagram үшін 37 долларды құрады. Бұл айырмашылық оң желілік әсердің көлемін көрсетеді.

Үшінші кезеңде бір кездейсоқ таңдалған қатысушыға барлық студенттердің аккаунтын сақтап қалу немесе барлығын, соның ішінде өзін де, өшіру туралы шешім қабылдау ұсынылды. Бұл кезеңде көптеген қатысушылар сыйақыдан бас тартып, аккаунттарды толық деактивациялауды таңдады. Орта есеппен олар TikTok үшін 24 доллардан, Instagram үшін 6 доллардан бас тартуға дайын болды. Бұл кезеңнің нәтижелері әлеуметтік желілерді қолданудың орташа пайдалығы теріс екенін көрсетті. Қатысушылар тек өздері үшін емес, бүкіл колледж үшін әлеуметтік желілердің өшірілгенін қалаған.

1

Осы деректер негізінде әлеуметтік желіні қолданбайтын, бірақ оны қолданатын ортада қалған адамдар үшін туындайтын теріс сыртқы әсердің көлемі есептелді. Бұл көрсеткіш TikTok үшін - 79 долларды, Instagram үшін - 53 долларды құрады. 

Осы жағдайды зерттеушілер «әлеуметтік желі тұзағы» деп сипаттайды. Оның мәні мынада: барлығы әлеуметтік желілерді қолданбаса, жиынтық нәтиже жақсырақ болар еді. Алайда көпшілік қолданған жағдайда, жеке адамның одан бас тартуы субъективті тұрғыдан одан да үлкен шығын әкеледі.

Зерттеу әлеуметтік желілерді тұтыну әрдайым оң пайда береді деген дәстүрлі көзқарасқа күмән келтіреді. Кейбір жағдайларда тұтыну пайда әкелмейді, тек балама нұсқалармен салыстырғанда ең аз зиянды таңдау ретінде көрінеді. Авторлардың пікірінше, бұл логиканы әлеуметтік нормалармен байланысты басқа құбылыстарға да қолдануға болады. Мысалы, қаржылық тұрғыдан ауыр болса да, қоғамдағы күтілімдерге байланысты өткізілетін салтанатты тойлардан бас тарту жеке адам үшін әлі де тиімсіз шешім болып қалуы мүмкін.

Осылайша, әлеуметтік желілер қазіргі жағдайда тек технологиялық өнім емес, әлеуметтік өзара тәуелділіктер жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар