Басылым • Бүгін, 08:45

Мегаполис айнасындай қос басылым

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздікпен тағдыры тоғысқан қазақ баспасөзінің жаңа дәуірі еліміздің әр өңірінде өзіндік үнін қалыптастырды. Шымкент қаласында жарық көретін «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттері шежіресі – егемендіктің алғашқы жылдарынан бастау алған бірегей басылымның бірі. 1990 жылдың 21 шілдесінде алғаш оқырманға жол тартқан қос басылым отыз бес жыл бойы шаһардың күнделікті өмірін, тыныс-тіршілігін қағазға қаттап, уақыт жадында қалдырып келеді. Бұл – бір редакцияның ғана тарихы емес, тәуелсіздікпен бірге есейген қаланың, өзгерген қоғамның, жаңарған сананың жылнамасы.

Мегаполис айнасындай қос басылым

90-жыл­дары ел нарықтық қо­ғам­ның бұра­лаң жолына түскен алмағайып кезеңде жарық көрген газеттердің тағдыры да оңай болған жоқ. Сол тұс­та баспасөзге басшылық жаса­ған қаламгерлер­ден қаржы тапшы­лығы, техника тапшылығы, кадр­лық қиындықтарға қарамастан басылымды аяғынан тік тұрғызу жауапкершілігі жүктелді. Ол кездегі жағдай редакторлардан азаматтық пен кәсіби адалдық талап етті. Сол жауапты кезеңде редакция тізгінін ұстаған Жұмамұрат Тұяқбаев ұйым­дас­тырушылық қабілетімен көзге түсіп, газеттің қоғамдағы салмағын ауырлатуға күш салды. 1995–1998 жылдары таралымы 25 мыңнан асқан басылымның қаланы былай қойып, қазіргі Түркістан облысының аудан-аудандарына кеңінен таралуы – сол еңбектің айқын нәтижесі еді.

Кейінгі жылдары да қос газетке әр буынның өкілдері басшылық жасап, мазмұндық әрі тақырыптық тұрғыдан дамуына үлес қосты. Қайырғали Медет, Анар Аспан, Дәрменбай Шәріп, Жеңіс Баһадүр, Жарқынбек Төлтебай, Захардин Қыстаубаев сынды тәжірибелі журналистер редакция жұмысына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бұл кезеңдерде қос газет қаланың экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерін қозғап, қоғамдық қатынастар жөнінде өткір ойлы, салмақты мақалаларымен оқырман есінде қалды.

Басылымның жылнамасында бірталай құрылымдық өзгерістер орын алды. 2010 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен газеттер «Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бірікті. Арада екі жыл өткен соң «Шымкент Медианың» мирасқоры ретінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС құрылды. Мұндай құрылымдық жаңару редакция жұмысына жаңа серпін беріп, басқару жүйесін жетілдіре түсті. Журналист, бүгінде Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарованың басшылығы тұсында шығармашылық ұжымның екінші тынысы ашылып, газеттер қаланың күнделікті өміріндегі оң өзгерістер мен өзекті мәселелерді үзбей жариялап тұрды.

«Шымкент ақпарат орталығы» серіктестігін әр жылдарда түрлі қаламгер мен БАҚ саласының мамандары басқарды. Мәселен, бел­гілі журналист Бақтияр Тайжан басылымдардың рөлін күшейтуге көп еңбек сіңірді. Сол секілді Нұрбол Орымбаев, Ақбаян Сапарбаева, Уәли Қыдыр сияқты журналис­тика саласының майталмандары баспасөзді оқырманға жақындату жолында біраз тер төкті. Осындай бай тарихы бар іргелі ұжымның тізгіні бүгінде «Egemen Qazaqstan» газетінде шыңдалып, мол тәжірибе жинап келген Динар Керімнің қолында.

Осы күнде журналист Айдар Құлжанов «Шымкент келбеті», ал Наталия Хайкина «Панорама Шым­кента» газетінің бас редакторы қызметін атқарады. Қос басылымда Бақтияр Тайжан, Тағабай Қасымов, Замира Алдабергено­ва, Мөлдір Кенжебай, Салтанат Жамалдинова, Гүлжауһар Бажақай, Ирина Козо­рина, Сергей Павленко, Асылбек Байзақов сынды тәжірибелі, білікті әрі ізденімпаз журналистер еңбек етеді.

«Басылымның жалпы таралымы 10 мың дана. Бұл – тек сандық көрсеткіш емес, бұл – мыңдаған оқырманның сенімі, ақпаратқа деген сұранысы. Қазіргі кезеңде дәстүрлі баспасөздің алдында жаңа сын-қатерлер тұр. Ақпарат ағыны үдей түскен заманда газет тек хабар жеткізуші емес, ой сүзгіден өткізетін, қоғамдық пікір қалыптастыратын құралға айналуға тиіс. Осы үдеден шығу үшін «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» дәстүрлі форматты сақтай отырып, цифрлық медиамен қатар дамуды мақсат етіп отыр. Осы бағытта интернет редакциясы құрылып, әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда жүйелі жұмыс жолға қойылды. shymkala.kz сайты мен shymkentaqparat.kz порталы арқылы Шымкент пен бүкіл ел көлеміндегі маңызды жаңалықтар жедел әрі сапалы таратылады. Бұл материалдарды бүгінде өзге өңірлік және республикалық БАҚ сенімді дереккөз ретінде пайдаланып келеді. Мазмұн тұрғысынан алғанда, басылымдар мегаполистің айнасы болу міндетінен айныған емес. Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, тұрғын үй, жер қатынастары, инфрақұрылым, экология, білім мен медицина, кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту мәселелері газет бетінде тұрақты түрде көтеріліп жүр. Сонымен қатар тіл мен діл, ұлттық құндылық, руханият, тарихи тақырыптар да бас­ты назарда. Бұл – уақыттың талабы ғана емес, баспасөздің қоғам алдындағы азаматтық борышы. Алдағы жоспарымыз – осы бағытты одан әрі тереңдету. Аналитикалық, сараптамалық материалдардың үле­сін арттырып, қаланың даму бары­сын кәсіби көзқараспен баға беру, оқырманды ойландыратын, пікір­талас тудыратын жарияланымдарды көбейту. Жас журналистерді тәрбиелеу, тәжірибелі қаламгерлер мектебін сақтау, баспасөздің рухани миссиясын ұмытпау – негіз­гі мақсатымыз» деді «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры Д.Керім.

Биыл 35 жыл толған қос газеттің мерейтойы аясында «Тәуелсіздік идеясы және қазақ баспасөзі» атты форум өтеді. Онда өңірлік, респуб­ликалық БАҚ өкілдері, зиялы қауым мен сала мамандары бір алаңға жиналып, қазақ баспасөзінің өткені мен бүгіні, ертеңі жайында ой қозғай­ды. Форумда ұлттық мүдде, ақ­па­раттық қауіпсіздік, жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың келешегі секілді өзекті тақырыптар да талқыланады.

Осы ретте Шымкент қаласы­ның әкімі Ғабит Сыздықбековтің қолдауын ерекше атап өткен жөн. Шаһар басшысы ширек ғасырдан астам уақыт бойы көшіп-қонып жүрген редакцияға демеушілер есебінен жеке ғимарат әперді. Мұны журналистикаға, ақпарат саласына деген шынайы құрметтің белгісі ретінде қабылдаған жөн. Мұндай қолдау шығармашылық ұжымның алаңсыз жұмысына, мазмұнды дү­ниелер жазуына мүмкіндік берері сөзсіз.

Бүгінде елге, өңірге танымал журна­листердің көпшілігі кезінде «Шым­кент келбетінде» қызмет атқар­ған. Солардың ішінде журналист Ғалымжан Елшібай да бар. Қалам­гер журналистика саласындағы жетістігін «Шымкент келбетінде» жұмыс істеген кезеңіне балайды.

«Екімыңыншы жылы газетке қыз­метке тұрғанымда басылымның 10 жылдығы Ж.Шанин атындағы қазақ-драма театрында аталып өтті. Бас редактор Қайырғали Медет мерейтойдың сценарийін жазуды маған тапсырып еді. Қайырғали Медет дарынды журналист әрі білікті басшы болды. Кезінде республикалық газет-журналдарда, телевизияда басшылық қызметтер атқарған. Республикалық «Мәдениет» газетіне редакторлық етті. Ол «Шымкент келбетіне» редактор болып келгенде ауданда танылмай жүрген жас журналистерді жұмысқа тартты. Солардың бірі менмін. Журналистикада облыс, республика деңгейінде танылуыма Қайрекеңнің көп пайдасы тиді. Сол кісінің қайрауымен қаламым ұшталып, шеберлігім шыңдалды. «Шымкент келбеті» мен үшін журналистика саласының үлкен мектебі болды. Бір кездері өзге өңірлерге, аудандарға тараған газет сол мәрте­бесіне қайта оралар деген сенім мол» деді Ғ.Елшібай.

Осы газетте еңбек етіп қызықты күндерін артта қалдырған ардагер журналистер баршылық. Газеттің тұрақты шығып, оқырман қолына уақытында тиіп тұруына аталған азаматтар көп еңбек сіңірді. Солардың бірі журналист Еркін Досымбай. Басылым мерейтойы аясында оның жылы естелігін жазып алған едік.

«Қалалық газет кемшіліктерді ашық айтып, батыл жазды да. Бұған бас редактор Жұмамұрат Тұяқ­баев­тың тілшілерге берген бағыт бағ­дары, шынайы да батыл жазуға үндегені ықпал етті. Бас редактордың тапсырмасын орындадым, мақтау естідім.

Екінші рет осы «Шымкент келбеті» газетіне 2014 жылы бас редактордың орынбасары қызметіне шақырыл­дым. Бас редактор – ізденімпаз да ұлтжанды, жаңашылдыққа жақын, мемлекетшіл жан Айгүл Қапбарова. Газеттің безендірілуі, форматы заман талабына сай өзгергенімен ақиқаттан айнымау, анығын айту сынды қағидатты сақтап қалған. Қала тіршілігін оқырманға жеткізуде журналистерге барлық мүмкіндік жасалды. «Тәмам жанның мінін айт, аяп, ішің жылып айт. (Шәкәрім)» демекші, журналистер сын айтудың да, қоғамды дүр сілкіндіретін мақа­ла жазудың да жауапкершілігін сезіне, шындықты уақытында айтуды ұстаным ете оқырманға қызмет етті», деді Қазақстанның құрметті журналисі Еркін Досымбай.

Қош, қос басылым отыз бес жыл­дық ғұмырнамасында шаһардың жылнамасын жазуда үлкен еңбек атқарды. Алдағы уақытта да осы игі мақсаттан таймай мегаполистің шежіресін тасқа басуда талай іс тындырарына кәміл сенеміз. Өмір заңына сай уақыт алға жылжиды, көп нәрсе өзгереді, бірақ журналист үшін басты қағида болып қаламға деген адалдық мәңгі қалады. Сол қасиетті қос басылым ұжымы бүгін­де көпке үлгі ретінде көрсетіп келеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар