Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Бас қаланың көш басында болуы – заңдылық
Президент сөзінің басында кейінгі 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жеткенін, инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұрғанын және елорданың көш басында болуы заңдылық екенін атап өтті.
– Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 млн-ға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл – елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 трлн теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 млрд доллар шамасында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 трлн теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен. Бұл – шамамен 22,5 млрд
доллар. Маған берілген мәлімет бойынша қала бюджетіне 4,3 трлн теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады. Астананың 2024 жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 трлн теңгеден сәл асты. Бұл – 32 млрд доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті 35 млрд доллар (17 трлн теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтіледі. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 млн адамға жеткен. Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерлік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Oxford Economics 2025 индексіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.
– Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың рейтингісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Соның арқасында біздің Азиядағы рейтингіміз де артады. Бұл қолымыздан келеді деп ойлаймын. Астана басқа аймақтарға үлгі болуға тиіс. Шаһардың экономикалық белсенділігі күшейіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Соған сәйкес әкімдікке және мүдделі мемлекеттік органдарға жаңа міндеттер жүктеледі, – деді Президент.
Елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев нақты мәселелерге назар аударды. Оның біріншісі – жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға басымдық беру.
– Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық. Токиодағы Smart City жобасымен таныстық. Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық. Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды. Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын. Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мән берген екінші мәселе – үйлесімді қала кеңістігін қалыптастыру. Бұл орайда Азаматтардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмысына барынша қолайлы жағдай жасау барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті болуға тиіс. Ал елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бөлек. Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жетті. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды.
– Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған. Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек. «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады. Жалпы, кейінгі екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл – өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр. Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда ол Астана тек орталық көшелері айнадай жарқырап тұратын қала болмауға тиіс екенін, шеткері аудандарға да көңіл бөлудің маңызын алға тартты.
– Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады. Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш. Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн. Көріктендіру мәселесі азаматтарды әрдайым толғандырады. Бұл – түсінікті, сондықтан олардың осылай айтуға қақысы бар. Дегенмен әкімдік те елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан жоғары мәдениетті талап етуі керек.
Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар ортақ мекеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді араласа бастағаны қуантады. Дәл осы себепті «Таза Қазақстан» жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе. «Таза Қазақстан» идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық болмысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс. Жалпы, Азияның бірқатар қаласында қалдықтарды жоюдың экономикаға негізделген тәсілдері қолданылады. Шынында да қоқыспен күресу керек.
Токиода 14 миллион адам тұрады. Азғантай аумақта осыншама халық өмір сүріп жатса да, ондағы тазалық пен тәртіп өте жоғары деңгейде. Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жапония Премьер-министріне «Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйлесімділікке үндейсіздер. Жапондар үйренуден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді» деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осындай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қадам басып, технологиялық ұлт болудың үлгісіне айналуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету керек екенін атап өтті. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр екен. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды. Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан Үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс.
– Тазалық тәртіптен басталады. Еліміздің бас қаласы мен күллі Қазақстанды көрікті, тал-терегі мол әрі өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруға күш-жігеріміз жетеді. Мен бұған сенімдімін. Бұл – стратегиялық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Әрбір мәселеге пікір таластырудың қажеті жоқ. Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан Астана маңайында экосаябақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын. Тағы да қайталап айтамын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Икемді инфрақұрылым, қолайлы қала
Мемлекет басшысы, үшіншіден, көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту жайына мән берді. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. Биыл Астананың көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттағы іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру керек. Қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керек. Азаматтар жолдың сапасы нашар екенін айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселелер де бар. Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақтылы жүруге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жүрудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет.
– Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек. Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр. Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді. Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе тұрғын үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет, – деді Президент.
Оның айтуынша, шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады. Қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Осыны айта келе Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдікпен бірге мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
– Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент басымдық берген төртінші мәселе – коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы. Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады. Бірнеше жыл бұрын елордада ауызсудың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі стансалары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді. Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын ала ойластырып, уақтылы жасау қажет. Төртінші ауызсу стансасын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана суқоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек.
– Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе. Жаңа қосалқы стансаларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ. Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Құрылыстың барлық кезеңін цифрландыру маңызды
Қасым-Жомарт Тоқаев, бесіншіден, тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Астана – құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 млн шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар. Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет.
– Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс. Тағы бір мәселе: елордада жұмыста жүріп жарақат алу деректері көбейіп барады. Жыл басынан бері қаладағы өндіріс орындарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан. Әкімдік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жұмыс орнында болуы мүмкін қауіп-қатерлерді саралап, оқыс оқиғалардың алдын алу қажет. Әр қайғылы оқиғаның себеп-салдарын мұқият зерделеп, тиісті қорытынды жасаған жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы екпін салған алтыншы бағыт – әлеуметтік нысандардың халыққа қолжетімді болуы.
– Сөз басында айтып өттім, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі. Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салынатынын айтты. Қаланың медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет. Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуға тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек. Мектеп тапшылығы – еліміздегі аса өзекті мәселенің бірі. Мектеп салу қарқыны бала санының өсу қарқынына ілесе алмай келеді. Алдағы үш жылда мектептегі орын тапшылығы 400 мыңға дейін жетуі мүмкін. Соның ішінде елордада 28 мың оқушыға орын жетіспейді деген болжам бар. Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында осындай жағдай қалыптасуы мүмкін. Әрине, бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Кейінгі 5 жылда бір миллионнан астам оқушыға арналған мыңға жуық мектеп пайдалануға берілді. Астанада 75 мектеп салынды. Қазір қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп қалған жоқ. Бұл ретте «Келешек мектептерін» ерекше атап өткен жөн. Архитектуралық және техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл – заманауи әрі жоғары деңгейде жабдықталған мектептер. Аталған бағытта әжептәуір тәжірибе жинадық. Сондықтан ауқымды жобадан гөрі қауіпсіз, сапалы құрылыс жұмыстарына кірісуіміз керек. Дегенмен оның бағасы қымбат болмауға тиіс. Бұл еліміздегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуда қалыпты жұмысқа айналуы керек. Әсіресе жеке мектептерді дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл салаға инвестиция тарту ісінде жүйелі шаралар қабылдаған дұрыс. Атап айтқанда, мемлекет-жекеменшік серіктестік құралын жетілдіру маңызды. Дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұр. Өйткені тексеріс барысында қызметін теріс мақсатта пайдалану, тіпті алаяқтық жағдайлары анықталып жатыр. Мұндай фактілер лицензия беру, қаржыландыру, бақылау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар кейбір әкімдіктер жоспарлау кезінде үлкен қателіктер жіберген. Атап айтқанда, демографиялық өсім мен аумақтық даму мәселелері ескерілмей, жеке мектептерді ашуға беталды рұқсат берілген. Соның салдарынан бір жерде мемлекеттік және жеке мектеп қатар салынған. Ал шын мұқтаж аудандарда білім беру инфрақұрылымы сол күйі дамымай қалған. Бұл ведомствоаралық байланыстың әлсіздігін көрсетеді, жұмысқа жүрдім-бардым қараудың дәлелі. Орта білім беру жүйесін демографиялық есепке және нақты нәтижелерге негіздей отырып кешенді түрде дамыту қажет. Қолданыстағы модельді түбегейлі өзгерту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналды. Жыл қорытындысы бойынша экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде.
– Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық. Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашылық таныту қажет. Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн. Мемлекеттік қызметте жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін. Алдымызда атқаратын міндет көп. Біз реформаларды жалғастыра береміз. Мен Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл – кейінгі жылдары қолға алынған ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы. Түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады. Азаматтарымыз мақұлдаса, Ата заңға көптеген өзгеріс енгізіледі. Түзетулердің ауқымын ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдаумен бірдей қадам деуге болады. Біз озық ойлы ұлт ретінде болашаққа сеніммен қараймыз. Алдымызда биік мақсаттар тұр. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруымыз қажет. Толық цифрлық мемлекет болуымыз керек. Энергетика, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту қажет. Мұның барлығы – бір күндік шаруа емес. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктірсек, осы мақсаттың бәріне жетеміз. Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек. Айтылған міндеттердің барлығы уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.