Экономика • Бүгін, 08:27

Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық бағыт

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономиканы әртараптандыру – негізгі стратегиялық бағытының бірі. Басты назар шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға аударылған. Өйткені дәл осы секторда қосылған құны жоғары өнімдер шығарылады, білікті жұмыс орындары құрылады әрі елдің технологиялық еркіндігі қалыптасады.

Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық бағыт

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Үкіметтің ресми дере­гіне сүйенсек, қазір ішкі жалпы өнім құ­ры­­лы­мындағы өңдеу өнер­кәсібінің үлесі шамамен 13%-ды құрайды. Үкімет бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 15%-ға де­йін, ал 2035 жылға қарай 18–20% аралығына жеткі­зу­ді мақсат етіп отыр. Мұн­дай міндет қолда бар ре­сурс­тарды ескере отырып, нақты орындалатын мақсат ретінде қарастырылған.

Қазір өңдеу өнеркәсібі бір­тіндеп қарқын алып жатыр. Осы жылдың 11 айында бұл саладағы өндіріс көлемі 5,9%-ға өсіп, 27 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты. Оның сөзінше, өсім бірнеше негізгі салада қатар байқалып отыр. Әсіресе металлургия, машина жасау, химия және құрылыс материалдарын өндіру жақсы нәтиже көрсеткен.

«Жаңа зауыттар мен кәсіпорын­дар­дың үлесі ерекше. Кейінгі уақытта іске қосылған өндірістер әлі толық қуатына шыққан жоқ. Бірақ олар толық жұмыс істей бастаған кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жыл сайын тағы 2,3 трлн теңгеге өсуі мүмкін. Яғни қазірдің өзінде өңдеу саласы ел экономикасына нақты үлес қосып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса берсе, өндіріс көлемі артып, экономикадағы дайын өнімнің үлесі де көбейе түседі», деді вице-министр.

маш

Мәселен, машина жасау саласы қазір өңдеу өнеркәсібіндегі ең жылдам өсіп жатқан бағыттардың біріне айналды. 11 айдың ішінде бұл саладағы өндіріс көлемі 11,6%-ға артқан. Ал жалпы өңдеу өнеркәсібі осы кезеңде 5,9% өсім көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзінше, машина жасау­мен қатар басқа салалар да алға жылжып отыр.

«Азық-түлік өндірісі 8,7%-ға, химия өнеркәсібі 8,1%-ға, ал мұнай өңдеу саласы 6,5%-ға өскен. Яғни өңдеу өнеркәсібі тек бір бағытта емес, бірнеше салада қатар дамып келеді. Бұл салалардағы өндіріс пен инвестицияның артуы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға тікелей байланысты. Тек «Бәйтерек» холдингі арқылы осы кезеңде басым бағыттарға 8 трлн теңгеден астам қаржы құйылды», деді С.Жұманғарин.

Экспорт құрылымы да бір­тін­деп өзгеріп келеді. Бұрын басым­дық шикізат пен металл өнімдеріне берілсе, қазір ма­шина жасау, химия және тамақ өнім­дерінің экспорты өсіп отыр. Өткен жылы өңделген өнім экспорты 23 млрд доллардан асты. Бұл экономиканың ішкі құрылымы күрделеніп, әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.

Әсіресе отандық өндірушілерді қолдау – әртараптандырудың маңызды тетігі болып отыр. Шикізатпен қамтамасыз ету, ұзақмерзімді шарттар мен офтейк келісімшарттар кәсіпорындарға өндірісті тұрақты жоспарлауға мүмкіндік беріп отыр. Келесі жылдан бастап нақты жұмыс істеп тұрған отандық кәсіпорындарға басымдық беретін отандық тауар өндіру­шілер тізілімі іске қосылады.

Еуразиялық даму банкі сарап­шы­ла­рының сөзінше, экономиканы әр­тараптандырудың ең тиімді жолы – импортты алмастыру мен өңдеу саласын дамыту. Егер осы бағыт жүйелі түрде іске асса, еліміз ішкі жалпы өнімге қосымша 38 млрд доллар табыс қоса алады.

«Шикізатқа тәуелді экономи­ка­лық модельден біртіндеп бас тарту қажет. Жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру елге тұрақты табыс пен жаңа жұмыс орындарын әкеледі. Қазақстан экономикасының қазіргі құрылымын әртараптандыру әлі де жеткіліксіз. Өңдеу саласын кеңейту арқылы экспортты да арттыруға болады. Әртараптандыру нәти­жесін­де өңделген өнім экспортын 7,8 млрд долларға ұлғайтуға болады. Негізгі бағыттар – химия, металлургия, тамақ өндірісі және машина жасау салалары. Егер ел өз ішінде өндірісті жолға қойса, машина жасау саласында 1,6 млрд доллар, электр жабдықтары бо­йынша 1 млрд доллар көлеміндегі импорттың орнын басуға мүм­кін­дік бар. Химия, металл және азық-түлік өндірісінде де осындай әлеует бар», деп жазылған зерттеуде.

дд

Қазір экономиканы әртараптан­дырудың тиімділігі сыртқы сауда құры­лымынан да көріне бастады. ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты ел экономикасындағы рөлін күшейтіп келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, осы жылдың алғашқы жартысында өңдеу саласы экспорты 12,8 млрд долларға жетіп, еліміздің жалпы экспорт көлемінің үштен бірін құраған.

«Қазір қолдау шаралары әртүрлі инсти­туттар арқылы жү­зеге асырылады, олардың талап­тары мен тетіктері бір-біріне ұқ­са­майды. Бұл кәсіпкерлер үшін түсінік­сіз жағдай туғы­зады. Сондық­тан экономиканы әртараптандыруда тәсіл­дерді оңтайландырып, бірізді саясат қалыптастыру қажет. Эко­но­ми­ка­ның бәсекеге қабілетті болуы инвестиция көлеміне де тікелей байланысты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне бағытталған қаржы жаңа технологиялардың келуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына ықпал етеді. Мұндай өзгерістер білікті мамандарға деген сұранысты күшейтіп, ішкі еңбек нарығын сапалық тұрғыдан өзгертеді», дейді Ә.Әбен.

Сонымен қатар өңдеу өнер­кәсі­бінің ішінде шешімін күткен түйткілдер аз емес. Ағаш бұйым­дары мен жиһаз өндірісі тоқырауға ұшыраса, фарма­цевтика саласында өсім баяу­ла­ған. Бүгінде өңдеу саласын­дағы өндірістің 40%-дан астамы металлургияға тиесілі. Ал бұл сала әлемдік баға конъюнк­ту­расына тәуелді болғандықтан, бү­кіл өнеркәсіп үшін тәуекел дең­гейін арттырып отыр.

Демек ұзақмерзімді тұрақ­тылық­қа жетудің ең сенімді жолы – жоғары қосылған құны бар салаларды дамыту. Шикізатты сол күйінде экспорттау емес, оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру эко­номикалық тиімділікті арттырады. Қиындыққа тап болған сала­ларға мақсатты мемлекеттік қол­дау көрсетілсе, бүкіл өңдеу өнер­кәсібінің әлеуеті күшейе түсер еді.

Экономист Руслан Сұлтанов экономиканы әртараптандыру елдің жалпы экономикалық өсіміне тікелей әсер ететінін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл мұнай мен металға тәуелділіктен біртіндеп арылып, ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, туризм, фармацевтика сияқты жаңа бағыттарды дамыту деген сөз.

«Мұнай бағасы құлдыраған кезде халық табысы күрт төмендемеуі үшін экономика әртарапты болуы керек. Қазір өндіру мен металлургия басым болғанымен, еліміздің болашақ индустриясы машина жасауға, мұнай химиясына, фармацевтикаға, шикізатты қайта өңдеуге және жоғары технологияларға сүйенуге тиіс. Бұл жоғары қосылған құн, экспорттың өсуі және технологиялық егемендік әкеледі», дейді Р.Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар