Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Шындығында жергілікті тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығы жиі бұзылатынына алаңдайтыны рас. Өйткені тұмса табиғат таза болмаған соң, жұтар ауа жұпар емес. Атмосфералық ауаны жиі ластайтын компаниялар миллиондап айыппұл төлейді. Бірақ қомақты айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейді.
Облыстық экология департаментінің мәліметіне жүгінсек, жергілікті экологтер биылғы 8 айда экологиялық заңдылықтың сақталуына 21 тексеру жүргізді. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, жоспардан тыс 13, талаптарға сәйкестігіне қатысты 1 тексеру бар. Бақылау нәтижелеріне қарағанда, экологиялық заңнама талаптары 52 рет бұзылған. Бұл кемшілікті жою туралы 19 нұсқама берілді.
«Анықталған бұзушылықтар жөнінде 121 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2,360 трлн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 102 іске қатысты шамамен 1 млрд теңге өндірілді», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Қоршаған ортаны ластайтындар қатарында мұнай-газ өнеркәсібіндегі жетекші компаниялар бар. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-ның 2023 жылы бірнеше талапты бұзғаны анықталып отыр. Нақтылай айтқанда, рұқсатсыз шығарындылар мен төгінділер, белгіленген нормативтерден асыру, сондай-ақ жерді бүлдіру фактілері тіркелген. Департамент мамандары осындай деректерді негізге алып, прокуратураның ұсынысымен «Теңізшевройл» ЖШС-ға қатысты 8 әкімшілік іс қозғады. Сөйтіп, мұнай компаниясына жалпы сомасы 2,825 млрд теңгенің айыппұлын салды.
Бір қызығы, аталған компанияның қоршаған ортаны ластау әрекеті 2024–2025 жылдары да қайталанып отыр. Компания осы кезеңде экологиялық эмиссияларды рұқсатсыз жүзеге асырған. Шығарындылар мен төгінділер көлемі белгіленген нормативтерден асып кеткен. Соның салдарынан тағы да жер бүлінді. Мұндай заң бұзушылықтың бәрі экологтер қырағылығынан таса қалмады. Департамент мамандары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс қозғады. Сот «Теңізшевройл» ЖШС-ға 663,707 млн теңге айыппұл салуға шешім қабылдады.
«Теңізшевройл» ЖШС департаменттің аталған істер жөніндегі қорытындыларымен келіспеді. Компания басшылары сот органына шағым түсірді. Шағым сотта егжей-тегжей қаралды. Алайда сот компания шағымын қанағаттандырған жоқ. Айыппұлдар мемлекет кірісіне өндірілді.
Ауаны оқтын-оқтын ластаумен аты шыққан компанияның бірі – 80 жылдан бері көмірсутекті шикізаттан жанармай түрлерін шығаратын мұнай өңдеу зауыты. Мұнайлы шаһардың іргесіндегі зауыт ластаушы заттардың шығарындыларын нормативтен асырып жібереді. Экологтер осыған байланысты «АтМӨЗ» ЖШС-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. Іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Соттың 29 шілдедегі қаулысымен заңды тұлға кінәлі деп танылып, 28 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
«Алайда «АтМӨЗ» ЖШС салынған айыппұлмен келіспей, Атырау облыстық сотына апелляциялық шағыммен жүгінді. Сот 13 тамыздағы қаулысымен зауыттың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Айыппұл көлемі өзгеріссіз қалдырылды», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас жайт «Потенциал Ойл» компаниясы тарапынан да болғаны тіркелді. Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі негізінде «Потенциал Ойл» ЖШС-ға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 328-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Компаниядан 7 249 870 теңге мөлшеріндегі айыппұл өндірілді.
Экологтердің қырағылығынан тыс қалмаған кәсіпорынның қатарында «Транс Ойл Терминал» ЖШС да бар. Департамент мамандары серіктестікке берілген рұқсаттарға қатысты біліктілік және рұқсат беру, сондай-ақ экологиялық хабарламалар жөніндегі талаптардың сақталуына тексеру жүргізді.
«Тексеру нәтижесіне сәйкес серіктестік нысанында орналасқан жылыту қазандығы қондырғысында аумақта өндірістік шығарындылардан сынама алуға арналған штуцер болмаған. Бұл экологиялық мониторинг пен бақылау талаптарының сақталмағанын көрсетеді. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында жерасты суларының жай-күйіне мониторинг жүргізу қарастырылғанымен, ұсынылған зертханалық сынақ хаттамаларында фондық көрсеткіштер туралы мәліметтер, бағалау ұңғымаларының деректері жоқ. Бұл жайт жерасты суларының сапасын толық бағалауға мүмкіндік бермей, экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына әкелген. Серіктестік 2024 жылдың үшінші тоқсаны бойынша өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есепті заңмен белгіленген мерзімде тапсырмаған», деп ақпарат берді департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ серіктестікте өндірістен түзілген мұнай шламының қалдығын жинақтауға экологиялық рұқсат та, лимит те алынбаған. Демек қалдықтар заңсыз жинақталған. 2024–2025 жылдары қазандықтарды тазалау кезінде ластаушы заттардың шығарындылары тиісті экологиялық рұқсатсыз шығарылғаны анықталды. Аталған фактілер бойынша салынған 15 474 615 теңге көлеміндегі айыппұл өндірілді.
Атырау облысы