Қоғам • Бүгін, 07:53

Жүрек жылуын сезінген жандар

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында 27 308 адам мүмкіндігі шек­теулілер есебінде тұр. Оның ішінде 2 880 адам бірінші, 9 954 адам екінші, 9 612 адам үшінші топ­тағы мүгедек. Олардың қатарында 4 862 бала бар.

Жүрек жылуын сезінген жандар

Алайда мұндай мұңлық жандар қоғам өмірінен шет қалғысы келмейді. Өйткені бірінің өнері, кейбірінің спортқа бейімі бар. Жақында осындай адамдар арасында алғаш рет «Жүрек жылуы» байқауы өтті. Мақсат – қиындыққа ұшыраған адамдарға қолдау білдіріп, шығар­машылық әлеуетін дамыту.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты міндеттің бірі – әлеуметтік әділеттілік пен ин­клюзивті қоғам құру. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруға, сапалы білім алып, еңбекке араласуы мен шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отыр.

– Байқауға қатысқан әр үміткер – жеңімпаз. Өйткені бұл байқау рухтың күші мен жігердің қуатын, өмірге деген құштарлықты үлгі етеді. Тағдырдың ауыр сынағына мойымай, ерен ерік-жігер танытып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсартуға үлес қосу – игілікті іс, дейді С.Шәпкенов.

Байқауға қатысушылардың әрқайсысы белсенділігімен, қайы­рымды ісімен танымал. Сондай жанның бірі Тыныш Жақыпова «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігін басқарады. Оған бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар балалардың өнерін ұштауға қосқан үлесі үшін «Мейірімді жүрек» аталымы берілді.

«Шабыттандырушы отбасы» аталымына ие болған Зайда Нұғыманованың 23 жастағы ерек­ше ұлы бар. Ол ерекше кү­тімді қажет ететін ұлын қоғам­нан ал­шақтамауға бейімдеп, шығар­ма­шылық қабілетін шыңдап келеді. Облыстық, республикалық, халық­аралық байқауларға апарған ұлы бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.

Сегіз жасар Олжас Берік спорт­тың бірнеше түрін серік етіп, түрлі жарысқа қатысып жүр. Балғын спортшының бұл талабы «Спорт-тық жігер» аталымына лайық деп танылды. Оның қатарласы Раяна Мәлікова бимен шұ­ғылданады. Ал 11 жасар Нұрислам Әмірханұлы ән айтады. Өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген қос өрен «Жыл таланты» атанды.

«Жыл серпіні» аталымына 15 жастағы Нұрдәулет Жеңіс ие болды. Ол биді келістіре би­лейді. Футболды да керемет ойнайды. Командаластарымен бірге рес­публикалық турнирдің жеңімпазы атанған.

17 жастағы Жайнар Қамысбай мәдени, шығармашылық бағыттағы жобаларда жас көшбасшыға лайық белсенділігімен көрініп жүр. Сән үлгісін ұсынады. Спорт пен қолөнерді жаны сүйеді. Моби­лография саласында қолтаңбасы бар. Замандастарына үлгі көрсе­тіп жүрген бойжеткен «Жас көш­басшы» аталымында озып шықты.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар