Іс-шараға Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының өкілдері, сондай-ақ Вашингтон қаласында тұратын отандастар қатысты. Салтанатты бөлігінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының серпінді қарқынына, оның жаһандық қаржы-экономикалық ынтымақтастық жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанына ерекше назар аударылды.
Құттықтау сөзді аталған қордың атқарушы директоры Патрик Лошевски Қазақстанның Қор қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалап, алдағы өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарын атап өтті. Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету тұрғысындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, еліміздің жаһандық экономикалық архитектурадағы сенімді әрі жауапты әріптес ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.
Сонымен бірге Дүниежүзілік банк өкілі, Атқарушы директордың орынбасары Мариуш Круковский де пікір білдіріп, экономикалық өсуді және өңірлік дамуды көздейтін бірлескен бастамаларды кеңейту келешегіне тоқталды. Іс-шараның соңында қонақтар дәстүрлі қазақ дастарқанынан дәм татып, «Гүлдер» би ансамблінің өнерін тамашалап, домбырада орындалған классикалық күйлерді тыңдады.