Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың пікірінше, өңірде ерлігі ұмытылмас ерен жандар бар. Осындай есімдері ел есінде сақталуға тиіс біртуар перзенттерімізді жас ұрпақ білуі қажет.
Есімі ел жадынан өшпейтін жанның бірі – Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова. Осы кезге дейін батыр ұшқыштың атымен «СМП-163» шағын ауданындағы шағын көше аталған еді. Енді қаһарманның есімі басқа көшеге берілді.
«Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілген Луговая көшесінің ұзындығы шамамен бір шақырымға созылады. Бұл көше «Авангард» тұрғын алабының 2 және 4-шағын ауданының аралығымен өтіп, «Мерей» базарынан «Жеңіс» саябағына қарай созылып жатыр», деп хабарлады М.Мұқасов.
Тағы бір майдангер – Атырау облысының құрметті азаматы Орынғали Қарасаев. Қиыр Шығыста 13-теңіз атқыштар бригадасының танк полкінде жауға қарсы шайқасты. Елге 1947 жылы ғана оралған. Бейбіт өмірде өңірлік деңгейде басшылық қызметті атқарып, облыстық ардагерлер кеңесін басқарды. Енді «Самал» шағын ауданындағы №2 өткел майдангердің атымен аталған көшеге айналды.
Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан екі полицейдің есімін №14 және 15-өткелге беру ұйғарылыпты. Енді қос өткел атауы бар көшелер қатарын толықтырды.
«Қаза тапқан тәртіп сақшысы Шалқар Ақымғалиев жол-патрульдік полиция батальонында қызмет атқарды. Ол 2019 жылы Жайық өзеніне батып бара жатқан қызды құтқару кезінде қаза тапты. Ал кіші сержант Нұрберген Өтемісов кезекшілік кезінде қашып бара жатқан құқық бұзушының көлігін тоқтатпақ болған. Сол кезде автокөлік қағып кетіп, алған жарақаты салдарынан көз жұмды», деп мәлім етті М.Мұқасов.
Атырау облысы