Медицина • Кеше

1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Үздік халықаралық тәжірбиелерді негізге ала отырып бөлінген медициналық көмек пакетінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен (ТМККК) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметінің (МӘМС) аражігі нақтыланған. Сондай-ақ аталған жүйелердің шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қайталанбауы назарға алынады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі

Бірыңғай медициналық көмек пакеті шеңберінде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан онкологиялық ауруларды, артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер барлық азамат үшін қолжетімді болмақ.      
Жаңа жылдан бастап қазіргі 13 әлеуметтік маңызды аурулардың тізімінен төрт ауру түрі МӘМС жүйесіне көшеді. Олардың арасында қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, тіндердің жүйелік зақымдануы және ревматизм бар. Бұған дейін осы ауруға шалдыққан науқастардың диагнозын анықтау ғана тегін болған. Жаңа жүйе бойынша ауруды одан әрі зерттеу, ем тағайындау толық МӘМС қолдауымен ақысыз негізде жүргізіледі.

Бүгінде еліміздегі 16,9 миллион адам сақтандырылған, бұл ел халқының 82,6%-ын құрайды. Олардың ішінде шамамен 12 миллион адам мемлекет тарапынан төленетін жеңілдік санаттарына енеді. Ал шамамен 3,4 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі елімізде медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған азаматтар қатарын қалыңдату мақсатында келер жылы тағы 1 миллион адамды МӘМС-пен қамту үшін әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың жарнасын жергілікті билікке жүктейді. Жарнаға төленетін соманы әр өңір орташа жалақыға қарай есептейді.

Ал жұмысқа қабілетті азаматтар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, МӘМС шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтерді тегін ала алады.    

МӘМС: жарналар мен аударымдар базасының жоғарғы шегі көтеріледі

Келер жылдың қаңтарынан МӘМС жүйесін реформалау аясында жүйедегі жарналар мен аударымдарды есептеу тәртібіне де маңызды өзгеріс енгізілмек. МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін жаңа жылдан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу базасының жоғарғы шегі көтеріледі. Жоғарғы шек қызметкерлер үшін – 20 АЕК дейінгі сома болса, жұмыс берушілер үшін – 40 АЕК болып белгіленіп отыр. Десе де вице-министр қызметкерлер мен жұмыс берушілердің жарна мөлшерлемелері өзгермейтінін, тек жарналарды есептейтін табыстың жоғарғы шегі өсетінін атап өтті. 

«Өзгерістер шектеулі топты қамтиды. Жарналарды арттыру шамамен 3,4 млн теңгеден жоғары табысы бар 20 мың қызметкерге ғана қатысты. Бұл елдегі барлық жалдамалы қызметкердің 0,3%-ын құрайды. Қызметкерлердің 91%-ы үшін жағдай өзгеріссіз қалады», деп түсіндірді Әлия Рүстемова.

Қабылданған шешімдер нәтижесінде жүйеге жыл са­йын шамамен 200 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы ресурсы түседі.

«Сақтандырылған» мәртебесі 6 айға ұзартылады

2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын үздіксіз 5 жыл төлеп, жарнаны уақытша төлеу мүмкіндігі болмай қалған тұлғаға 6 ай бойы тегін медициналық көмек көрсетіледі. Бұған дейін бұл мерзім 3 ай көлемінде болған еді. 

«Бұл шара халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуды және уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдауға арналған. Ал 6 айдан кейін сақтандырылған мәртебесінен айрылмау үшін жоғарыда атап өткеніміздей айына 4250 теңге немесе 1 жыл үшін 51 000 теңге төлеуі тиіс», деді денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова.

 

 

Соңғы жаңалықтар