Фото: Caravan.kz
Депутаттың айтуынша, Жоғары аудиторлық палатаның жүргізген аудиті мына бір маңызды жүйелік мәселені анық көрсетті: бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың қомақты бөлігі нақты экономикалық нәтиже бермей отыр, соған қарамастан олар іске асырылуын жалғастырып жатыр.
«2019-2024 жылдар аралығында кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 4,5 трлн теңге бөлінген. Алайда кәсіпкерлердің 80 %-дан астамы бұл қолдаудың нақты жақсару әкелгенін байқамаған, 66 %-ы қаржылық емес қолдау шаралары туралы мүлде хабарсыз болған. Ал экономиканың құрылымындағы орта бизнестің үлесі әлі де 6-7 % деңгейінде қалып отыр.
Ә.Мүтәліінің сөзінше, Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара жұмыс тиімсіз болып отыр. Соның салдарынан миллиардтаған бюджет қаражаты кәсіпкерлерге нақты пайда әкелмей, қағаз жүзіндегі есеппен ғана шектелген.
«2024 жылға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 93,5 млрд теңге бөлінгенімен, оның 60 %-дан астамы 5 ірі қалаға бағытталып, шағын және шалғай аудандар қолдаусыз қалды», деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлінің пікірінше, қалыптасқан жағдай жүйедегі теңсіздікті айқын көрсетіп отыр: негізгі қолдау ірі қалаларға бағытталып, шағын қалалар мен елді мекендер іс жүзінде назардан тыс қалып отыр. Қомақты бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кәсіпкерлер қолдау шараларының қолжетімділігі мен тиімділігі төмен екенін айтып отыр.
«Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» неге миллиардтаған қаржыны нақты нәтиже бермейтін формалды бағдарламаларға жұмсап отыр? Бұл үшін кім жауап береді және мемлекеттік қолдау елдің барлық өңіріндегі кәсіпкерлерге шын мәнінде жетуі үшін қандай нақты шаралар қабылданады?», деген сұрақтармен Ә. Мүтәлі депутаттық сауалын аяқтады.